Бизнесмендер қаражаттарын инновациялық жобаларға инвестициялай алады - Руслан Еңсебаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда цифрландыру процесі қалай жүргізіліп жатыр? Оған еліміз қаншалықты дайын және 5G стандартын енгізудің келешегі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев айтып берді.

- Руслан Сәтбекұлы, өкінішке қарай, басы таудай болған мемлекеттік бағдарламалардың аяғы қылдай болатын жағдайлар кездеседі. Сіздің ойыңызша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының сәтті шығу мүмкіншілігі неліктен басым деп ойлайсыз?

- Бағдарламаны әзірлемес бұрын біз әлемдік тәжірибені барынша зерттедік. Әсіресе, көптеген елдердің Үкіметтері мұндай бағдарламаны қалай ұйымдастырғанын, алдарына қандай жоспарлар қойып жатқанын кең тұрғыда зерделедік. Жалпы, стратегиялық бағыт айқындалған кезде жоғары деңгейде жауапты басшыны белгілеп алу керек.

Мысалы, Мемлекет басшысының Жолдауында цифрландыру бағым бағыттардың бірі болып белгіленді. Бұл жауапты мемлекеттік органдарға зор жауапкершілік жүктейді.

Жақында біз ІТ-компаниялармен кездестік. Мұндай кездесулерді біз тұрақты түрде өткізіп отырамыз.

Сонымен қатар, егер процесті жүзеге асыру барысында жаңа мүмкіндіктер немесе тәуекелдер туындаса, біз бағдарламаға жарты жыл сайын бір мәрте өзгеріс енгізу мәселесін қарастырамыз. Біз бұған қоса өз кезінде Сингапурда, Эстонияда, Ұлыбританияда цифрландыру жобасын жүзеге асырған халықаралық сарапшылардың деңгейінде цифрландыру бойынша Кеңес құру алдындамыз. Келісімдер бар, жуық арада мұндай кеңесті міндетті түрде құрамыз.

«Өзгерістерді басқару» түсінігіне баса назар аудару дұрыс деп білемін. Демек, цифрландыру бағдарламасы нені білдіреді? Бұл кәсіпорындар мен салалардың трансформациялануы. Цифрландырудың табысы өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының цифрландырудың маңызы мен пайдасын түсінуіне байланысты. Цифрландыруды кәсіпорындар өздеріне қалай енгізеді? Бағдарламаны сәтті іске асыру үшін кәсіпорындардың басшылары мен қызметшілері оның маңызы терең түйсінуі керек. Міндеттердің бірі - бас қосып, өзгерістердің қалай ене бастайтынын түсіндіру. Кәсіпорындардың ең алдымен қызығушылығын тудырсақ дейміз. Осы іспен қазіргі таңда айналысып жатырмыз.

- Бағдарлама басталып кеткелі бері аз ғана уақыт өтті. Десе де, цифрландыру бағдарламасы өзінің ауқымдылығы жағынан қарқынды процесс екенін таныта білді. Қазірдің өзінде бағдарламаны жүзеге асыру бағытында қандай да бір табыс бар деп айтуға бола ма?

- Айтып кеткенімдей, әлеуетті пилоттық жобалар айқындалды, іске асырылуына жауапты басшылар бекітілді. Мәселен, Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласында қағазсыз жүйені енгіздік. Иә, бұған дейін жекелеген емханалар өзінің жұмысына осы әдісті кіріктірген болатын. Бірақ, біз бұны қазір біршама жүйелендірдік. Осыған ұқсас жобалар Павлодар мен өзге де қалаларға енгізілуде.

Сонымен бірге, біз мектептерде есеп беруді азайтып, электронды журналды енгізуді қолға алдық. Бұл мұғалімдердің ғана емес, медиктерді де артық қағаз жұмыстан арылтып, негізгі жұмысына күш салуға жұмылдыратын жұмыстың маңызды блогы.

Өнеркәсіп саласын алып қарайық. ҚР ИДМ жанындағы Индустрияны дамыту институтымен 4:0 индустриясына сәйкес келетін кәсіпорындарға талдау жүргізілді. Демек, цифрлық технологияларды қолдана отырып, кәсіпорындарды дамытудың жаңа деңгейі анықталды. Біз олардың деңгейін айқындап, жеті модельді фабриканы таңдап алдық. Олар эталон ретінде саналады. Басқа кәсіпорындар солардан үлгі алатын болады.

Электронды коммерция бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында жол картасы жасалады. Преференция тұрғысында Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп қойды. Электронды коммерциямен айналысатын кәсіпорындар корпоративті табыс салығынан босатылды. Иә, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге аяғына дейін жеткізетін процедуралық жұмыстар бар. Дегенмен, біз аталған бағытта айтарлықтай алға басып келеміз.

Сонымен қатар, жобаларды қалай дұрыс енгізуді үйрететін «Smart city» типтік концепциясы жасалды. Біз осы концепцияға сәйкес, өңірлерде цифрландыруды жедел түрде енгізіп жатырмыз. Осы және өзге де жобаларды аяқтап, шаралардың жоспары негізінде алға жылжу көзделуде.

- Жалпы, цифрландырудан сіз не күтесіз және Қазақстан азаматтарына аталған бағдарлама нақты не береді?

- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы біздің азаматтардың өмірін жақсартып, кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған.

Менің өзім «Қазатомөндірісте» еңбек еткенмін. Біз онда «Цифрлық кен» жобасын енгізген едік. 4:0 индустриясы аясында негізгі міндет - операциялық шығындарды төмендетіп, кәсіпорындардағы еңбек өнімділігін арттыру, өнімдің өзіндік құнын төмендету және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Білесіз бе, «Цифрлық кен» жобасына дейін ұңғыма бойынша мәліметтерді жинау - екі апта уақытты алатын. Қоспадағы уранның мөлшері туралы ақпаратты жинау керек болатын. Ал тың жобаның арқасында ақпарат жинау уақыты екі аптадан бірнеше сағатқа дейін қысқарды. Бұл өнімділік әкелмейтін шығындарды қысқартуға мүмкіндік берді. Біз осылайша, осы жобаны барлық кәсіпорындарға енгізсек, үлкен пайда болады деген тоқтамға келдік.

Цифрландыру Қазақстанның қарапайым азаматтарына не береді? Мысалы, егер кімде кім өзінің бизнесін ашқысы келсе, бар-жоғы бірнеше сағаттың ішінде бұл жұмысты іске асыра алады. Мұндай процедура құжат жинау жұмысын қысқартып, әр түрлі инстанцияларға бару қажеттілігін жоғалтады. Мұндай процестер жемқорлық қаупін де туғызатынына келісесіз ғой. Міне, азаматтарға бағдарламаның берер пайдасының бір парасы осы.

Сонымен қатар, қолжетімді білімді алу аға буынды жаңа заманға бейімдеуге алып келді. Бағдарлама аясында «Атамекен» ҰКП, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Қазпошта» АҚ ұсынатын курстар кәсіпорындарға қолжетімді болып табылады.

- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Astana Hub» құру жоспарланып отырғаны белгілі. Ол бұрынғы жобалардан несімен ерекшеленеді және оның басты артықшылығы неде?

- Astana Hub-тың міндеті айтарлықтай зор. Біз отандық ойлап тапқыштармен бірге, шетелдік мамандардың да қызығушылығын тудыра алатын экожүйені жасағымыз келеді. Әлем де, адамдар да өзгеріп барады. Иә, біз қазір шетелдік құрылғылар мен бағдарламалық өнімдерді қолданып келеміз. Түсінесіз бе, осылай бола береді деп ойлау дұрыс болмас еді. Келешекте осындай өнімдерді өзіміз де жасап, тіпті шетелге оларды экспорттауды да мақсат тұтуымыз керек. «Astana hub» бұл межені шындыққа айналдырады. Бұл тек қана технопарк қана емес, экоаумақ қағидаты бойынша қызмет көрсететін экожүйе болмақ.

Ол жерде акселерациялық бағдарламалар жұмыс атқарады. Бұл бағдарламаларға әлемнің үздік ойыншылары атсалысуы керек. Акселерация стартаптарды қолдауға арналған. Мәселен, белгілі бір команда өзінің бірегей идеясын ұсынып, аз уақыттың ішінде оны жүзеге асырады.

Тағы бір бағыт - жеке венчурлы инвесторлардың, қорлар мен басқа да Қазақстанның  нарығындағы өзге де венчурлық ойыншылардың мүддесін қорғау мақсатында бизнес-періштелер институтын дамыту. Бұл нені білдіреді? Бізде өз қаражатын инвестицияға салуға әзір бай адамдар баршылық. Әдетте, ресторандар мен сән салондары ашылғанымен, бизнесмендер күткен табысы түспей жатады. Ал біз болсақ, олар өз қаражаттарын инновациялық жобаларға салатындай ұсыныс жасағымыз келеді.

Қазір венчурлы инвестициялау туралы заң қабылданғалы жатыр. Бұл бағыт сыртқы инвестициялауға негізделген. Бизнесмендер өздерінің жобаларын Қазақстанда жүзеге асыра алатынын білуі керек. Бұл бағытта біздің міндетіміз - корпорациялардың назарын шетелдік қымбат өнімдерді сатып алмай, өз еліміздің стартап-бірлестіктеріне аударту. Біз бұл тапсырмаларды өз командаларамыз атқара алатындай мүмкіндік беруіміз керек.

- Руслан Сәтбекұлы, қазіргі таңда әлемдегі дамыған елдердің 5G стандартының байланысы мен технологияларының енгізілуіне баса маңыз беріп жатқаны құпия емес. Бұл бағытта біздің елде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Қашықтықтағы басқаруды үлгі ретінде көрсетейін. Ауқымы зор мәліметтерді жолдау үшін жоғары жылдамдық пен соған сай өткізу мүмкіндігі керек. Елестетіп көріңіз, кәсіби хирург Алматыда болса, шұғыл арада облыс орталықтарының бірінде ота жасалуы керек делік. Ал ол жақта ондай маман жоқ. Дәл осындай мәселе туындаған кезде әрбір минуттың құны алтынға тең. Бұған шешім ретінде аса дәлме-дәл қызмет ететін құрылғы қойып, оны алыстан басқаруға болады. Сондықтан, миллисекундқа дейінгі айқын уақытты көрсетіп тұру үшін 5G керек.

Бұл экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді деген сұрақ туындауы мүмкін? Бұл өте қымбат технология. Қазақстанның аумақтық ауқымды ерекшелігін де ескеру керек. Десе де, бұл мәселе қазір талқылану үстінде.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар