Бизнес ғылымға мүдделілік танытпаса істің бәрі бос- депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру мәселесі талқыланған форумда ҚР Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов бұл саланы дамыту үшін ең алдымен бизнес мүдделік танытуы тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2009 жылдың 4 қыркүйегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның барлық ғалымдарының басын қосып, ғылым саласының жаңа моделін құруды ұсынған. Арада 2 жыл өткеннен кейін көптен күткен «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданған. Ал 2015 жылы 31 қазанда ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру туралы заң шыққан.

«Біз Бүкіләлемдік банкпен осыдан 6-7 жыл бұрын коммерциаландыру бойынша байқау өткіздік. Ең алдымен, 10 аға ғылым қызметкер мен 10 кіші ғылыми қызметкердің жұмысы таңдалды. Негізгі жұмыстың жүгін Бүкіләлемдік банк өзіне алып еді. Бүгін, міне, осы бағыттағы жұмыс жалғасып келеді. Ғылыми Қор «Парасат» холдингінің ішінде болған. Біз 1,5 жылдың ішінде оны холдинг құрамынан алып шықтық», - дейді ол.

Бақытжан Жұмағұлов бүгінгі таңда ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру бағытында ҚР БҒМ жасап жатқан жұмысқа оң бағасын берді.

«Меніңше, ең басты мәселе - бизнестің  мүдделік танытуы. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне бизнес мүдделі болмай, мүмкіндіктеріміздің бәрі бос. Бірақ, мені вице-министр Асланбек Амрин бүгінгі таңда экономиканың нақты секторы ғылыми зерттеулерді коммерциаландыруға 4 млрд теңге бөліп отырғанын айтып қуантып тастады. Бұл жақсы нәтиже. Демек, жылжу бар. Өз тарапымнан, қандай заңнамалық тұрғыда кедергілер барын біліп, көмектесуді қалаймыз», - дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада «Ғылым мен бизнесті біріктіру құралы ретінде технологияларды коммерциализациялау» форумы болып өтті. Форумға қатысушылар ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің дамуындағы өзекті мәселелерді талқылап, ғылым мен бизнестің қарым-қатынасын тәжірибе жүзінде іске асыру жолдарын қарастырды.

Соңғы жаңалықтар