Біздің спортымызды біреу ұрлайды деп ойлаған жоқпыз - Анатолий Ким

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек өнері федерациясының президенті Анатолий Ким баспасөз мәслиxатын өткізіп, Макаода болған жағдайға түсініктеме берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымды айтсам, біздің спорт түрімізді біреу тартып алуға тырысады дегенді ойлаған да жоқпыз. Макаода өткен Әлем чемпионатында біздің командамызды мүлдем басқа ұйым - Қазақстан Республикасының грепплинг, панкратион мен аралас жекпе-жектердің ұлттық федерациясының атынан шығармақшы болды. Біз оны сайыстың алдында бірақ білдік. Ол өтінішті Айдар Маxметов берді. Бізде сол құжаттың көшірмесі бар. Онда біздің спортшыларымыздың аты-жөні және Айдар Маxметовтың есімі жазылған. Бірақ Маxметовтың өзі қол қоймаған. Негізі, біз онымен екі жыл бұрын танысқан болатынбыз. Иә, оның спорттық жетістіктері бар. Сондықтан өзара әріптестік орнатып, оған біздің спорт түрімізге жататын салаларды біріктіру міндеті жүктелді. Алайда үш жылдың ішінде ештеңе істелген жоқ. Ал Макаодағы жағдай біз үшін мүлдем күтпеген жаңалық болды. Сонда біздің артымызда мүлдем басқа жұмыс жасалды ма? Оны рейдерлік жаулап алу деп айтпасқа болмайды», - дейді А.Ким.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек өнері федерациясының президенті Анатолий Ким Бақылау кеңесінің төрағасы Айдар Махметовты Макаода өткен Әлем чемпионаты кезінде басқа федерацияның атынан өтініш бергені үшін айыптап, Бақылау кеңесінің төрағасы мәртебесінен айырылуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. 

Алайда күні кеше Бүкіләлемдік MAA қауымдастығы Қазақстанның ММА федерациясы таратқан ақпаратты жоққа шығарды. Ал ұйым  президенті Вадим Финкельштейн Макаода болған жағдайға түсініктеме берді.

Оның айтуынша,  осы уақытқа дейін Қазақстанның ММА федерациясы мен оның басшысы Анатолий Ким WMMAA жарғысын бір рет емес, бірнеше рет бұзған. Біріншіден, ұйымның жарнасы төленген жоқ. Ағымдағы жылы тамыз айында соңғы ескерту жасалды. Онда жарна төленбеген жағдайда Қазақстанның ММА федерациясының мүшелігі тоқтатылып, Анатолий Кимнің дауыс беру құқығынан айырылылатыны жайында айтылған. Сол кезде Қазақстан Республикасының грепплинг, панкратион мен аралас жекпе-жектердің ұлттық федерациясы WMMAA мүшелігіне өтуге өтініш білдірді.

«Аталған федерация Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің аккредитациясынан өткен. Бүкіләлемдік ММА қауымдастығы үшін бұл - маңызды жәйт. Себебі келесі жылдан бастап біз үлкен олимпиадалық отбасының мүшесі болуды көздеп отырмыз. Сондықтан қауымдастықтың құрамына кіретін ұйымдардың өз елінде ҰОК тіркеуінен өткені дұрыс. Біз осы өтінішті қарап, Қазақстан Республикасының грепплинг, панкратион мен аралас жекпе-жектердің ұлттық федерациясын қауымдастығының мүшелігінен үміткер ретінде тіркедік», - дейді В.Финкельштейн өз мәлімдемесінде.

Осыған байланысты Макаодағы Әлем чемпионаты кезінде өткен WMMAA Конгресінде Қазақстанның екі федерациясына қатысты мәселе қаралды. Аталған жиынға WMMAA басшылығы, Азия мен Еуропа бөлімшелерінің жетекшілері, сондай-ақ ұйымның құрметті президенті Федор Емельяненко қатысты. Сол жерде «екі федерация бірігіп жұмыс істесін, я болмаса жаңа жылға дейін нақты қай ұйымның WMMAA-ның атынан шығатынын анықтасын» деген екі ұсыныс жасалды. Ал аталған спорт түрін олимпиадалық қозғалыс ретінде дамыту мәселесіне келгенде Анатолий Ким жауап берудің орнына Қазақстанның грепплинг, панкратион мен аралас жекпе-жектердің ұлттық федерациясының басшысы Сағындық Макеевті алаяқтық үшін кінәлап, доқ көрсетті. Алайда ешқандай дәлел келтірген жоқ. Оған Федор Емельяненко да ескерту жасады. А.Ким өзіне ұнамайтын шешімнің қабылданғанын жеткізіп, Қазақстан құрамасының финалдық жекпе-жектерге қатыспайтынын мәлімдеді. Сосын тұрып, шығып кетті. «Осылайша, Ким мырза кеңес мүшелеріне құрметсіздік танытып, WMMAA жарлығының ережелерін бұзды», - дейді  В.Финкельштейн.

А.Кимнің шешіміне қарамастан, С.Макеев ол жағдайды шешуге барын салып, қазақстандық спортшылардың финалдық жекпе-жектерге қатысуын ұйымдастырды. Спортшылардың өздері де финалға қатысқанды қалады. «Ким мырзаның әрекеті орынсыз әрі WMMAA жарғысы мен Олимпиада xартиясына қайшы келеді де санаймыз. Сондай-ақ біз қазақ спортшыларының финалда өнер көрсетіп, екінші орын алғандарына қуаныштымыз. Бұның бәрі Макеев мырзаның еңбегі арқасында жүзеге асты. Оған кез келген мәселені бейбіт тұрғыда шешуге тырысатыны үшін алғыс білдіреміз», - делінген В.Финкельштейнің мәлімдемесінде.

Соңғы жаңалықтар