Біз еңбек адамдарын емес, әншілердің өмірін насихаттап кеттік - Қашқынбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз мұғалімдерді, ауыл шаруашылығының мамандарын дәріптемей, әншілердің өміріне баса мән беріп кеттік. Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқынбаев осылай айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Елбасының осы жолғы Жолдауына түрткі болған бір-екі оқиға туралы айта кетейін. Естеріңізде болса, Президенттің «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын біз көп талдадық. Одан кейін Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы шықты. Осыларды салыстырып отыратын болсақ, мақала, кітап пен Жолдаудағы мақсаттар бірін-бірі жалғастырып келеді», - дейді Амангелді Қашқынбаев Астанадағы Тұңғыш Президент - Елбасы кітапханасында Президенттің 10 қаңтардағы Жолдауы талқыланған дөңгелек үстел отырысында.

Ғалым Жолдаудың аясында көп талқылау жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті

«Бүгін - 31 қаңтар. Жылдың 1 айы өтіп кетіпті. Жолдау бір жылға арналған. Осыған орай «мынау қажет пе, керек емес пе» деген мәселелердің төңірегінде жүре беретін болсақ, онда міндеттер қай уақытта іске асырылады? Сондықтан, менің ойымша, осындай  жиналыстарға нақты сала мамандарын шақырсақ. Яғни, мәселен нақты экономика бойынша не істеледі деген мәселені көтерген жөн», - дейді ол.

Доцент өз сөзінде Жолдау насихаттау кезеңінен өтіп кеткенін айтып, талқылауға байланысты нақты бір мәселелерді келтірді.

«Жолдауда айтылған бағдарламаға ғалым ретінде қосылам. Соның ішінде адам капиталына ерекше тоқталғым келеді. Егер әлемдегі барлық болып жатқан өзгерістерге терезенің сыртынан үңіліп тұра берсек, құр қаламыз. Біз қазіргі уақытта еңбек адамын дәріптей алмай жатырмыз. Мұғалімдерді, ауыл шаруашылығының мамандарын дәріптеп жатқан жоқпыз. Біз тек қана өлең айтып, жеңіл жолмен сахнаға шығып жатқандарға мән беріп кеттік. Осы төңіректе ойлануымыз керек секілді», - дейді ол.

Амангелді Қашқынбаев сонымен бірге, әрбір отбасыларда ел іші туралы айтылып жатқан әңгімеге назар аудару керектігін сөз етті. Себебі, ғалымның айтуынша, отбасындағы қарапайым әңгіме ел ішінде болып жатқан оқиғаларға реакция болып табылады.

«Жуырда бір мейрамханадағы той-жиында жас жігіт көптің алдына шығып, билікке қатысты сын айтып жатыр. «Неге олай дедің» десем, ауыл шаруашылығы «құлап» жатқанын айтады.  «Жарайды. Сенің әкең кезінде дүрілдеп тұрған совхозды басқарған адам. Сол секілді сен де ауыл шаруашылығын өркендетуге білек сыбана кірісіп кетуге дайынсың ба?» деп сұрадым. «Жоқ» деп жауап берді. «Сонда ол саланы көтеруге кім баруы керек? Сен екеуіміз бармасақ, басқа біреу баруы керек. Ал сол «басқа біреу» өзің неге бармайсың десе қайтпекпіз» дедім. Осы жағдайдың ең жағымсызы - көптің қолдап отырғаны. Бос сөздерге еліктеп кету біздің қоғамда бар нәрсе», - дейді доцент.

Еске сала кетсек, 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы жарияланған болатын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел алдындағы 10 негізгі міндетті атаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар