Біз экономиканы әртараптандырудың маңыздылығын шынайы сезіндік - Қызылорда облысының әкімі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыстық мәслихат сессиясында баяндама жасаған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы атқарылған ауқымды жұмыстар мен күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, соңғы жылдары қалыптасқан күрделі экономикалық жағдай аймақтағы мұнай-газ саласына да кері әсерін тигізіп отыр.

- Бұл басқа өңірлерге қарағанда біздің аймаққа ауыр тиді, себебі, республика бойынша қысқарған мұнай көлемінің 60 пайызынан астамы біздің облысқа тиесілі. Яғни, 2015-2016 жылдары елімізде мұнай өндіру көлемі 4 млн. тоннаға кемісе, оның 2,5 млн.тоннасы біздің облыстың еншісінде.  Бұл жағдай жер қойнауын пайдаланушыларды өздерінің инвестициялық бюджеттерін қысқартуға мәжбүрлейді және өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіштерінің (2016 ж. 6 айында: НКИ - 90,8%), құрылыс жұмыстарының (НКИ - 62%) және өңір экономикасына тартылатын жалпы инвестиция көлемінің (НКИ - 70,6%) азаюына себеп болады,- деді Қырымбек Көшербаев.

Алайда басты саладағы көрсеткіштің төмендеуі тығырықтан шығар басқа жолды табуға, ізденуге негіз болатындығын атап өтті.

- Мұндай дағдарыс кезеңінің аймақ экономикасы үшін қажетті себеп болуы да мүмкін. Біз экономиканы әртараптандыру және жедел индустриаландыру қажеттілігі туралы Елбасы шешімдерінің өзектілігін шынайы сезіндік,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ аймақ басшысы экономиканың құрылымын өзгерту бір жылдық процесс еместігін және өңіріміздің көмірсутек шикізаты мен мұнай бағасына әлде де ұзақ уақыт тәуелді болатындығын атап өтті.

- Сол себепті біз қазір Энергетика министрлігімен бірлесіп көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлауды және іске қосуды қарастырудамыз. Онсыз біз өңірдің тұрақты экономикалық дамуын сақтай алмаймыз, өйткені, шикізат секторы (мұнай, уран) біздің өңір үшін әлі де айқындаушы рөл атқарып отыр (өнеркәсіп құрылымында 74%). Бұл - шындық,- деді Қырымбек Көшербаев. 

Соңғы жаңалықтар