Биылғы демалыс: Шетелдегі қымбат жағажай әлде...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрнағы жылдарға қарағанда биыл жерлестеріміздің басым бөлігі демалысын Қазақстанда өткізді. Өйткені, доллар бағамы өсті, соның әсерінен шетелдегі теңіздің жағасындағы 10 күндік демалыс жан басына 300-350 мың теңге болып шыға келді. Ресми мәліметке сүйенсек, елдегі орташа жалақы 130-150 мың теңге. Кемінде 5 адамнан тұратын қазақстандық отбасыларға жағажайдағы демалыс миллионға шығып кетті. Есесіне ішкі туризм серпіле бастады. Бұрын масасы көп, суы суық, тамағы қымбат, қызмет сапасы төмен деп мұрын шүйіретін туристер Бурабайға ағылып барып жатыр.

«Арқада жер жетпейтін» Бурабайға қалай жетеміз?!

Қалай десек те қазақстандықтар үшін биылғы жаз ерекше. Астанада үш айға жалғасқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Өңірден Астанаға «көрмені көрмек үшін» ағылған халық алдымен әлемнің әр түкпірінен келген елдің павильонын екі күн, сосын қаланы екі күн аралап, «автоматты» түрде Бурабайға тартатыны анық. Өйткені Астанаға келіп тұрып, Бурабайға бас сұқпай кету күнә сияқты. Оның үстіне сапалы жолдың арқасында Бурабайға барып-қайту соншалықты мәселе тудырмайтыны анық. Бурабайға жеңіл көлікпен 2-3 сағатта зыр етіп жетіп барасың. Әрі жол бойы Қазақстанның әсем табиғатына да қанық боласың. Топ-топ болып барған сайын қоюлана түсетін қалың қарағай, арасында айшықтала тұратын ақ балтыр ақ қайыңдар, қолдан қондырғандай жап-жасыл алқап көз алдыңнан киноның лентасындай өтіп жатады. Астана-Бурабай тас жолы Қазақстанда қолданысқа енген алғашқы ақылы жол. Шетелдік турист үшін бұл қалыпты көрініс шығар, ал алыс ауылдан келген демалушылар үшін мұның өзі қызық көрініс. Жол бойында  ретімен, сәндеп салынған кемпингтер де Бурабайдың туристік әлеуетін аңғарта түседі.

Өзіміз білетін Бурабай ғой..

Әлбетте қазақстандықтар үшін Бурабайға жарнама қажет емес. Сонау Кеңес заманынан бұл жер тамаша табиғатымен, жанға шипа шипажайларымен танымал болған. Бірақ қазір заман басқа. Өзіміз білетін Бурабайды енді әлем тануы керек. Ара-тұра көріп қалатын 4-5 шетел азаматына бола біздің Бурабай әлемге әйгілі деп мақтануға болмас. Қазір кез келген шетелдік ақпаратты интернеттен алады. Бірақ Бурабай туралы ағылшын тілінде ақпарат табу қиын. Википедиа өңірдің табиғатын, жер көлемін жазумен ғана шектеледі. Ал турист үшін ең маңызды дүние демалатын жерінің қайталанбас табиғаты және туристер үшін жасалатын қолайлы жағдайы. Интернетте ағылшын тілінде Бурабайдағы қонақ үйлер, жергілікті асхана, тағам түрлері туралы ақпарат мүлде жоқ. 

Салыстырмалы түрде алғанда біздегі демалыс шеттен келетін туристер үшін қымбат емес. Бір туристің өзі кем дегенде біздің елге бір миллион теңге тастап кетеді. Ұшақпен келіп-кетуі, қонақ үйде жатуын есептемегенде, кәдесыйлар, гид қызметіне жүгінуі, жергілікті ұлттық тағамнан дәм татуы, өлкенің тарихын білу үшін жалдайтын экскурсовод қызметін қосқанда әжептеуір қаржы Қазақстанда қалады. Әйтсе де мұндағы басты мәселе - ақпараттың аздығында. Туристің ақпаратқа қолжетімділігін қалай бір жүйеге түсіруге болады? Мұның да шешімі табылған сияқты.  Алдағы уақытта Щучье-Бурабай курортты аймағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер тізіміне енеді.  Ал курортты аймақ бұл  тізімге енсе, халықаралық ұйым, аңыз өлке жайлы мәліметтерді жинақтап, оның қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Әрі бұл аймақта туризмді де түрлендіріп, оны дамытуға сеп болады. Қазіргі күні бұл халықаралық ұйым қарамағында 119 геопарк бар. Еуропаның бірқатар мемлекеттері, атап айтқанда Австрия, Германия, Греция, Франция, Хорватия, Шотландия, Италия, Чехия, Румынияда, ал Шығыс Азия бойынша Қытайдың өзінде 22 демалыс орны «геопарк» тізіміне енген. Ресей билігі Дағыстандағы «Сарыкұм  барханы» аймағын геопарк құрамына енуге талпынып жатыр. Ендеше болашақта Орталық Азиядан алғаш болып Бурабай демалыс орны геопарктер қатарын толықтырмақ.

 Биыл сәуір айында Бурабайда геоғылым және геопарктер бойынша ЮНЕСКО-ның Халықаралық бағдарламалар семинары өтті. Айналасын 80 көл қоршап жатқан киелі мекен, аңызы да, ақиқаты да қатар өрілетін тылсым Жұмбақтасы мен Оқжетпесі бар Бурабайдың бұл тізімге енгізуге талап білдіруі тегін емес.

Қазіргі әлемдік тренд экотуризм мен геотуризм. Шетелдің аспанмен таласқан ғимараты мен асфальт көшесі, мәрмәр офисінен қажыған адам тұмса табиғатты бүлінбеген қалпында көргісі келеді. Ал біздің елде ондай өңірлер жетерлік. Егер еліміздегі осындай жауһарлар геопарк тізімінде тұрса қазақ жерін көргісі келген кез келген  турист ақпаратқа қанығып, келе қалған кезде жол таппай, жөн білмей қиналмайды. Өйткені геопарк талабы бойынша түсіндірме тақтайшалар қойылып, жаяу адам үшін де, веложолаушыға да қауіпсіз маршрут белгіленеді. Елдегі туризмнің дамуы Қазақстанның имиджін қалыптастырады.

Оның үстіне біздің Арқа жерінің әр маусымы ерекше. Жазда ыстық, суы бұрынғыдан тазартылған. Ақылы болса да тәртіпке келтірілген жағажайлары бар. Күз жомарт табиғаттың қанық суретін көріп, жан-дүниеңді демалтуға, әрі пайдалы өсімдіктерін зерттеп, тауға шығуға қолайлы уақыт. Өңірдің қыстағы көрінісі тіпті ерекше. Шаңғы тебу маусымы басталады. Ал көктемде ерекше жұпар, денсаулыққа пайдалы қарағайлары құрамынан эфир майларын бөледі. Бурабайдың жыл он екі ай туристерді тарта алатын қауқары жеткілікті. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдік те өңірдің осы ерекшеліктерін есепке ала отырып, кешенді жұмыс атқарып жатыр.

Жол мұраты жету, ал турист мұраты ше?

Жергілікті жұртқа қарағанда шетелдік туристер өздері түсетін қонақ үйді алдын-ала, тіпті жарты жыл бұрын қамдап, қажет қаражатын аударып қояды. Туристер үшін қонақ үйдегі жұлдыз саны да көп рөл атқарады. Жуырда ЮНВТО (бүкіләлемдік туристік ұйым) журналистері Бурабайға арнайы барып, оң бағасын беріп кетті. Өйткені, жол жақсы, люкс деңгейіндегі қонақ үйлер бар, тазалық жағы да қазір жоғары деңгейде. Алдағы уақытта бұл ұйым арнайы комиссиямен Бурабайдағы қонақ үйлер қызметін тексеріп, «жұлдызды» да береді. Ал шеттен келетін қонақ үшін отельдегі «жұлдыздар» саны өте маңызды. Суы таза, тамағы тойымды, жатын орны жайлы, ыстықта кондиционері, суықта жылытатын пеші бар, ең бастысы, тіл білетін, қағылез қызмет көрсетушілері көп қонақ үйге ұялмай шеттен келгендер өз бағасын қоя алады. Өйткені сапа бар, қызмет жоғары. Ал талапқа сай қонақ үйлер тізімі www.booking.com сияқты танымал сайттарға жарияланады. Яғни, жарнама сапаға сеп болып, сапа келген қонағын разы қылса, онда туризмнің дамуына жасалған алғышарттар осы емес пе? Тиісті қаржысын алған жергілікті бизнесмен де, демалысында ешқандай «экстрим» жағдайға қалмаған турист те разы.

Жалғыз жүріп жол табу...

Елімізде туризмді қолдауға жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Әрине,  сапалы жол, жайлы, таза демалыс орталықтары жоқ емес бізде.  Бірақ қазір Қазақстан үшін шетелдіктерге арнайы жарнама жасау керек. Жарнама дегеніңіз интернетке жүктей салатын 20 секундтық ролик емес, әлеуметтік желідегі қызыл-жасыл сурет те оған көмектеспейді. Ол - ЮНЕСКО-ның геопарктер тізіміне ену, ЮНВТО арқылы жақсы қонақ үйлер тізімін толықтыру. Бір сөзбен айтқанда, туризм менеджментін қалыптастыру - үкіметтік деңгейде қолға алынуы тиіс шара. Тек туристердің қаражатымен күн көріп отырған елдер баршылық. Табиғат қазақ жеріне теңіз тарту етпесе де, жылдың төрт мезгілін, яғни қысын-қыс, жазын жаздай сезінетін сый жасады. Демек, Қазақстандағы туризм тек маусымға тәуелді емес, жыл он екі ай жүргізуге болатын тиімді сала. Қазіргі күні өңірлік әкімдіктердің құрылымдарынан жекелеген туризм басқармаларын құру қолға алынып жатыр. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жо­басы туризм саласының «ал­тын» дәуіріне бастама болмақ.

Туризм - энергетика, аг­ро­өнеркәсіптік кешен, сауда, кө­лік, индустрияландыру секілді ау­қымды салалармен бірге, дамуы тиіс басымдықтардың қатарында тұр­. Бұл саланың магнаттары туризмді- мұнайдан кейінгі ең көп табыс әкелетін сала деп есептейді. Ал бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрған, табиғаты тамылжыған, тарихы сан ғасырдан тамыр алатын қазақ жері туризмнің таптырмас орталығы болуға әбден лайық.

 

Авторы Айбат Ахметжан

Соңғы жаңалықтар