Биылғы 8 айда Қазақстан экономикасының өсімі 4,3 пайызды құрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсімі 4,3 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бiрінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономикалық өсу шілдедегі азғана төмендеуден (4,0%) кейін алдын ала бағалау бойынша ағымдағы жылғы 8 айда 4,3 пайызға дейін жеделдеді. Сыртқы сауда 30 пайызға жуық өсті, инфляция бәсеңдеп, нысаналы дәліз шегінде тұр. Осының аясында Moody's және S&P рейтингтік агенттіктері тәуелсіз несиелік рейтингтік болжамын теріс көрсеткіштен тұрақты көрсеткішке жақсартты», - деді Р.Дәленов 2017 жылғы қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысына қатысты баяндамасында.

Оның сөзіне қарағанда, экономиканың шикізат емес сегментіндегі оң өзгерістер байқалды. Мәселен, шикізат емес сектор салымы нығайған, ол 2,3 пайыздық тармақты құраса, ал шикізат сегментінің салымы 1,6 пайыздық тармақты құрады.

Вице-министрдің атап өтуінше, өсудің жоғары серпіні алты базалық саланың төртеуі бойынша (өнеркәсіп, сауда, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс) байқалуда, өсу қарқынының бәсеңдеуі құрылыста және ауыл шаруашылығында орын алды.

Бұдан бөлек, өңірлік бөліністе өңірлердің көпшілігінде негізгі көрсеткіштер бойынша оң өсу серпіні байқалып отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығында барлық өңірлерде 0,3%-дан 5,6%-ға дейін өсу болды.

«Сонымен қатар Маңғыстау және Қызылорда облыстары бойынша өнеркәсіпте  және құрылыста төмендеу тіркелді. Қарағанды және Алматы облыстары бойынша құрылыста  және негізгі капиталға салынған инвестицияларда төмендеу орын алып отыр», - деп тоқталды ол.

Мұнымен қоса, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында тек бір-бір көрсеткіш бойынша төмендеу ғана байқалып отыр, тиісінше құрылыста - 8,6%-ға және негізгі капиталға салынған инвестицияларда - 7,2%-ға төмендеген.

Соңғы жаңалықтар