Биыл Жамбыл облысында мыңға жуық адам құтқарылған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті жылдың қорытындысын шығаруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәліметтерге қарағанда, 11 айда азаматтарға көмек беру үшін қызметкерлер төрт мыңнан астам рет сапарға шыққан, 947 адам құтқарылып, 1 мыңнан астам адам төтенше жағдайлар аймағынан қауіпсіз жерге көшірілген, 67 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жүргізілген жедел жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылы зардап шеккендер мен құрбан болғандар саны, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан келетін залалдың көлемі қысқарды.

Құтқарушылардың айтуынша, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың 98%-ына тұрмыстық және өндірістік өрт себеп болады.

Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментіндегілер апаттық-құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы жыл сайын жақсарып келе жатқанын айтады. Бұл, өз кезегінде, құтқару жұмыстарының жылдамдығы мен тиімділігін арттыра түседі. Бұл ретте жергілікті атқарушы билік органдары айтарлықтай көмек көрсетіп отыр.

Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс төтенше жағдайлар департаментіне жергілікті бюджет қаражаттары есебінен алынған апаттық-құтқару қондырғылары мен үш автомобиль берілді. Оларды тапсыру рәсімі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің №15 өрт-құтқару бөлімінде өткізілді.

«Мұнда азаматтық қорғаныс жүйесінің апаттар, оқыс оқиғалар кезіндегі дайындық деңгейін көру үшін жиналдық. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың меншігін қорғау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ескерту және олардың алдын алу - Жамбыл облысы азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесі қызметінің басты бағыттары. Оның орындалуын өңір басшылығы үнемі бақылап отырады», - деді облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков.

Бекболат Орынбеков соңғы төтенше жағдайлар департаментіне апаттық-құтқару қондырғылары және басқа да мүліктер алу үшін төрт жылда жергілікті бюджеттен 330 млн теңге бөлінгенін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар