Биыл Жамбыл облысы 700 тонна ет экспорттамақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Жамбыл облысы 700 тонна ет экспортқа шығармақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыста мал саны өсуде. Біздің өзімізді етпен қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға жағдайымыз бар. Сондықтан ет өнімдерін қайта өңдейтін «Меркі ет», «Оңтүстік халал тағамдары» және «Әулие ата Феникс» құс фабрикасы сияқты кәсіпорындар іске қосылды. Өткен жылы шет мемлекеттерге 451 тонна ет экспортталды. Биыл оны 700 тоннаға жеткіземіз», - деді Кәрім Көкірекбаев.

Оның дерегінше, 2017 жылдың 8 айында облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 104,6 млрд. теңгені құрап отыр. Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Жамбыл облысына 15,8 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 6,3 млрд және облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге бөлінген.

«Ет кластерін одан әрі дамыту үшін Мойынқұм, Меркі аудандарында ресейлік  «Агрофирма Түрікпен» және малайзиялық «Агростан Фермс» серіктестіктері әрқайсысы 3 мыңнан 5 мың басқа дейін арналған ірі қара мал бордақылайтын кешендер соғуда», - деді облыс басшысы.

Соңғы жаңалықтар