Биыл Қостанай облысында 547 млрд теңгенің өнімі өндірілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында өткен жылмен салыстырғанда биыл өндірістік өнім үштен бір есеге артық шығарылған. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Роза Горянная мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында 700 кәсіпорын өндірістік өнім шығарумен айналысады. Мұнда барлығы 45 мың адам еңбектенеді.

«2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында облыста 547 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 29%-ке көп. Мұндағы физикалық көлемнің индексі - 104%, аталған көрсеткіш бойынша Қостанай облысы республикада 9-орын алады. Өнімнің 52%-і өңдеуші салаға тиесілі. Ал тау-кен өндірісінің өнімдері 41%-ды құрайды»,- деді Горянная.

Бұл ретте облыс экономикасының ілгерілеуіне екі ірі компания - «Соколов-Сарыбай» кен өндіру комбинаты мен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС айтарлықтай үлес қосқан. Мәселен, «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны 2010 жылдан бері 31 мың автокөлік құрастырған.

«Бүгінде «СарыарқаАвтоПром» автокөліктің 57 үлгісін шығарады. Жыл аяғына дейін 6 мың автокөлік құрастыру жоспарланған. 2016 жылы кәсіпорын 12 электромобильді сатылымға шығарды», - деп атап өтті Роза Горянная.


Серіктестік осы жылы өнімдерін бірнеше елге экспортқа шығарған. Қостанайлық машина құрастырушылар 55 JAC автокөлігін Тәжікстанға, тағы 21 IVECO көлігін Ресейге жіберді.

Соңғы жаңалықтар