Биыл қолданысқа берілетін жалдамалы тұрғын үйлер саны үш есеге ұлғаяды-Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмола облысында биыл қолданысқа берілетін жалдамалы тұрғын үйлер саны үш есеге ұлғаяды. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланған мəжілісте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Манапхан Қансейітовтің сөзінше, 2018 жылы тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымның құрылысы үшін 7,7 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр.

Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жалдамалы тұрғын үй қорын құру» бағыты бойынша Көкшетау, Щучинск қалалары мен Сандықтау, Целиноград, Атбасар, Астрахан жəне Қорғалжын аудандарында 14 жоба қарастырылып отыр.

Осылайша, М.Қансейітов атап өткендей биыл өңірде қолданысқа берілетін жалдамалы тұрғын үйлер саны үш есеге ұлғаяды.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жалдамалы тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша «Бәйтерек девелопмент» АҚ қаражатын тарту арқылы Көкшетау қаласында 12 жобаның құрылысын жүргізу көзделген. Оның 4-ін қолданысқа беру жоспарда бар. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге жоғары.

Айта кету керек, қолжетімді тұрғын үй құрылысын салу бойынша жобаны жүзеге асыратын өңірде «Есіл əлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Ақмола Нұрлы жер» ЖШС құрылды.

Кəсіпорын басшысы Асқар Төлемісов «Ақмола Нұрлы жер» ЖШС жұмысы қолжетімді тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бюджеттен тыс қаржы тарту болып саналады. Осы арқылы қолжетімді тұрғын үй құрылысы алдымен Целиноград ауданында, кейін Бурабай, Зеренді, Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Шортанды, Аршалы аудандары жəне Степногор қаласында қолға алынатын болады.

Осы ретте, аймақ басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде өңірде тұрғын үй құрылысы жанданғанын атап өтті.

«Өткен жылы облыста 426,3 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117 пайызды құрады. Оның ішінде жекеменшік тұрғын үйді қолданысқа беру 1,6 есеге артты. Биылғы жылғы жоспар бұл бағыттағы жұмысты одан əрі ширатуға мүмкіндік береді», деді М.Мырзалин.

Соңғы жаңалықтар