Биыл қаңтар-қарашада экономика өсімі 3,9 пайызды құрады - Сүлейменов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қаңтар-қарашасында Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінің өсімі 3,9 пайызды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылғы қаңтар-қарашада инвестициялық белсенділіктің жылдамдауы және инфляциялық процестердің тұрақтануы, сондай-ақ барлық 6 базалық сала бойынша жағдайдың жақсаруының аясында экономиканың өсуі 3,9 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге көтеріліп, 5,7 пайызға өсті. Жыл басынан бері жылдық инфляцияның деңгейі бекітілген аралықта, яғни 6-8 пайыз дәлізінде болды және қарашаның қорытындысы бойынша 7,3 пайызды құрады.

Экономиканы әртараптандыру, Ауылөнеркәсіптік кешенді, кәсіпкерлікті және инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалып отыр», - деп атап өтті министр.

Оның сөзіне қарағанда, нақты секторда 6 базалық саланың ішінде ең жоғары өсу өнеркәсіпте 7,3 пайыз деңгейінде, көлікте - 4,8 пайыз және байланыста 3,2 пайыз көрсеткішінде байқалған.

«Ауыл шаруашылығында өсу биылғы қаңтар-қыркүйектегі 1,9 пайыздан 11 айдың қорытындылары бойынша 2,3 пайызды көрсетті. Құрылыс саласының 2016 жылғы жоғары өсуінің аясында ағымдағы жылдың басынан бері әркелкі өсу байқалып отыр, ол биылғы қаңтар-қарашада 0,3 пайызды құрады. Экономиканың нақты секторындағы іскерлік белсенділік сабақтас салалар үшін сұраныс құра отырып қызмет көрсету саласының өсуін ынталандырды», - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар