Биыл Индустрияландыру картасы аясында 700 млрд теңгенің 100-ден астам жобасы іске қосылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Индустрияландыру картасы аясында 700 млрд. теңгенің 100-ден астам жобасы іске қосылады. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз мәслихатында еліміздің инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлікке қарасты негізгі салаларда дамудың оң динамикасы байқалып отыр. Бұл қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары мен әлемдік нарықтағы базалық металдар бағасының тұрақтылығының арқасында мүмкін болды. Бірінші тоқсанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8, тау-кен өнеркәсібінде 5,6  пайызға артты. Бұл түсті металдар кенін өндіру көлемінің 10,8 және темір кенін өндіру көлемінің 11,4 пайызға өсуімен байланысты», - деді министр.

Оның дерегінше, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу саласында 6,5 пайызға тұрақты оң өсім болды. Отандық экономикадағы бұл оң үрдіс индустрияландыру саясатының арқасында қалыптасты. «АрселорМиттал Теміртауда» болат өндірісі 7, «Казхромда» ферроқорытпа 8, «Казцинкте» қорғасын өндірісі 10, алтын өндірісі 12, «Қазақмыс» корпорациясында мыс өндірісі 2, алтын өндірісі 6, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ында титан құймалары өндірісі 5  пайызға өсті.

Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы бойынша шамамен 700 млрд. теңге болатын 100-ден астам жобаны іске қосу көзделіп отыр. 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның ішінде биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7,6 млрд. теңгенің 10 жобасы іске қосылды. 415 тұрақты жұмыс орны құрылды», - деді Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар