Биыл елордада 6 мектеп пайдалануға беріледі - қала басшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл елордада 6 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 70,6-дан 80 пайызға дейін артты. Қалада 94 мемлекеттік және 181 жеке балабақша жұмыс істейді. Жылдың соңына дейін балалардың 90 пайызын негізінен жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бөлу есебінен қамтимыз», - деді қала басшысы.

Оның айтуынша, елордада мектепке баратын балалардың саны 143 мыңнан асады. Оқушылар саны соңғы 7 жылда 2 есеге жуық артқан.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша Үкіметпен бірлесіп, таяу үш жылда 27 мектеп пен 10 жапсарлас ғимарат құрылысы бойынша жоспар түздік. 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 6-ауы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі», - деді Әсет Исекешев.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес құрылыс нормаларына өзгерістер енгізілген. Ендігі уақытта елордада мектептер 3 мыңға дейін оқушыны қамтуға шақталып салынады. Мектептердің жер телімі 3 гектардан 2 гектарға дейін қысқартылды.

«Астана жан басына қаржыландыруды енгізу бойынша ілкі қала саналады. Бұл жеке инвестиция есебінен мектеп салуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта БАӘ мен Сингапур инвесторларының есебінен 5 мың оқушыға арналған 3 халықаралық мектепті қоса алғанда бірнеше мектептің жобасы дайындалуда»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар