Биыл елорда балабақшаларына 24 мың бала қабылданады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында елорда балабақшалары 24 мың бала қабылдайтын болады. Бұл туралы бүгін Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен 90 пайызға дейін қамтуды көздеп отырмыз. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Қазіргі уақытта кезекте 26 мың бала тұр», - деп атап өтті ол бүгін Астана әкімдігінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында.

 Жалпы бүгінде елордада 336 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 98 мемлекеттік балабақша, 188 жекеменшік балабақша, 47 шағын орталық пен 3 ведомстволық балабақша бар. Жекеменшік балабақшалардың 181-і мемлекеттік тапсырыс алады. Балабақшаға баратын балалардың жалпы саны - 56 мың. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайызды құрайды.

«Балалардың негізгі бөлігі осы жылдың сәуір-мамыр айларында мектепке дейінгі ұйымды бітіріп шығатын болады. Сол кезде 24 мың бала балабақшаға қабылданады», - деді Әнуар Жанғозин.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы елордада 2 мемлекеттік балабақша салынады. Дегенмен, бұл да балабақшадағы орын тапшылығын жоя алмайды. Сондықтан балаларды мектепке дейінгі ұйыммен  қамту үшін жекеменшік балабақшаларды дамыту қажет.

Соңғы жаңалықтар