Биыл егіс алқабы қанша гектарды құрамақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы егіс алқаптары 21,8 млн гектарды құрайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала деректер бойынша, 2018 жылы егіс алқаптары 21,8 млн гектарды құрамақ. Бұл іс жүзінде өткен жылғы деңгейде. Дәнді дақылдарды 14,7 млн гектар алқапқа себу жоспарлануда, оның ішінде бидай - 11,4 млн гектар. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 544 мың гектарға аз. Осы ретте мал шаруашылығының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін азықтық дақылдар осы көлемге көбейетін болады, яғни 2017 жылға қарағанда 16 пайызға артады. Жемдік дақылдар 2,5 млн гектарға егіледі», - деді ол.

Вице-министрдің дерегінше, майлы дақылдар бірінші рет 2,5 млн гектар межеден асып шамамен 2,6 млн гектарды құрайды. Картопқа арналған алқап та оң өсу динамикасын көрсетіп, 210 мың гектарға жетеді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 15 пайызға артық.

Ағымдағы жылғы егіске 2,6 млн тонна тұқым дайындалды. Майлы дақылдар тұқымының төменгі пайыздық дайындығы Шығыс Қазақстан облысында байқалады. Облыстардың әкімдіктері айырбастау немесе еркін нарықтан сатып алу арқылы жетіспейтін көлемді жабу көздерін іздестіруі қажет», - деді бірінші вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің негізгі бөлігі айналым қаражаты болмағандықтан себу үшін тұқым сатып алмайды және іс жүзінде жалпы репродукциядағы өздерінің тұқымдарын пайдаланады.

«Осыған байланысты тұқым шаруашылығын субсидиялаудың мүлдем жаңа тетігі әзірленді. Жаңа тетік 5 наурызда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен бейне-конференция режімінде барлық мүдделі тараптардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте жете талқыланды. Кеңеске қатысушылар жаңа тетікті жалпы қолдады. Бұл тетікті іске асыру 2021 жылға қарай 3-репродукциядан төмен емес тұқымдар себуді 100 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Арман Евниев.

Соңғы жаңалықтар