Биыл бокстан Қазақстан чемпионатында қандай жаңа есімдер шықты?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкентте бокстан ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Он күнге созылған байрақты додада чемпиондар мен жүлдегерлер анықталды. Олардың арасында осы уақытқа дейін есімі белгісіз болып келген, жаңадан танылған спортшылар да бар. Бүгін ҚазАқпарат тілшісі осы дүбірлі додада топ жарған жаңа есімдер туралы мәліметтерді жарияламақ.

49 кг салмақта ақмолалық Теміртас Жүсіпов топ жарды. Т.Жүсіпов 2013, 2014 және 2016 жылы да ел чемпионы болған. Осы жолы 4 дүркін Қазақстан чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

49 келі салмақтың жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Алтын: Теміртас Жүсіпов (Ақмола обл.)
Күміс жүлде: Шалқар Айқынбай (ОҚО)
Қола жүлдегерлер: Сабыр Жолаушиев (Павлодар обл.) және Жандос Несіпжан (Ақмола обл.)

52 келі салмақта жаңа чемпионның есімі белгілі болды. Бұл салмақта биыл Оңтүстік Қазақстаннан Олжас Байниязов топ жарды. Өткен жылы бұл салмақтың көшін Азамат Исақұлов бастаған болатын.

52 келі салмақтың чемпиондары мен жүлдегерлері:
Алтын: Олжас Байниязов (ОҚО)
Күміс жүлде: Азамат Исақұлов (Маңғыстау обл.)
Қола жүлдегерлер: Әнуар Музаппаров ((Алматы обл.) және Абай Қуандықов (Ақтөбе обл.)

56 келі салмақта астаналық Ілияс Сүлейменов топ жарды. Бұл салмақта ол 2012 жылы чемпион атанған болатын. Осымен екінші мәрте чемпион атанып отыр.

56 келі салмақтың чемпиондары мен жүлдегерлері:
Алтын: Ілияс Сүлейменов (Астана)
Күміс жүлде: Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл обл.)
Қола жүлдегерлер: Нұрсұлтан Көшеғұлов (Ақмола обл.) және Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау обл.)

60 келі салмақта биыл маңғыстаулық Берік Әбдірахманов топ жарды. Өткен жылы бұл салмақта Закир Сафиуллин көш бастаған болатын. Әбдірахманов 2012 жылы осы салмақта чемпион атанған. Енді ол ҚР екі мәрте чемпионы.

60 келі салмақтың жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Алтын: Берік Әбдірахманов (Маңғыстау обл.)
Күміс жүлде: Закир Сафиуллин (ОҚО)
Қола жүлдегерлер: Ертуған Зенулинов (Алматы обл.) және Әділет Құрметов (ШҚО)

64 келі салмақта Оңтүстік Қазақстан облысының боксшысы Бекдәулет Ибрагимов чемпион атанды. Өткен жылы да Ибрагимов топ жарған болатын. Биыл да сол биігінен көріне білді.

64 келі салмақтың жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Алтын: Бекдәулет Ибрагимов (ОҚО)
Күміс жүлде: Сабыржан Бекбергенов (Ақмола обл.)
Қола жүлдегерлер: Қуан Қуатов (Павлодар обл.) және Санатәлі Төлтаев (Алматы қ.)

Қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде биыл жаңа есім жарқ етті. Бұл салмақта жамбылдық Асланбек Шымбергенов биіктен көріне білді. Сондай-ақ, ол ел біріншілігіндегі ең үздік жұдырықтасқан боксшы атағына ие болды. Өткен жылы бұл салмақта Абылайхан Жүсіпов топ жарған болатын. Ол биыл осыдан екі ай бұрын германияда өткен әлем чемпионатында жүлдегер болғаны үшін ел біріншілігінен босатылған.

69 келі салмақтың жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Алтын: Асланбек Шымбергенов (Жамбыл обл.)
Күміс жүлде: Қанағат Маралов (Астана)
Қола жүлдегерлер: Бекболат Құрамысов (Алматы обл.) және Рустам Шаймерденов (Қарағанды обл.)

75 келі салмақтан да жаңа чемпион шықты. Ол Оңтүстік Қазақстанның тумасы Абай Төлеш. Бұл салмақта өткен жылы Әбілхан Аманқұл ерекшеленген. Аманқұл да биылғы чемпионаттан босатылған болатын.

75 келі салмақтың жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Алтын: Абай Төлеш (ОҚО)
Күміс жүлде: Ерік Әлжанов (Маңғыстау обл.)
Қола жүлдегерлер: Сапарбай Айдаров (Алматы қ.) және Владислав Столбовски (Қарағанды обл.)

81 келі салмақта Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов чемпион атанды. Ниязымбетовтың қарсыласы финалда жарақатына байланысты рингке шыққан жоқ. Өткен жылы бұл салмақта Жәнібек Әлімханұлы көш бастаған болатын. Өкінішке қарай ол биыл ширек финалдан ары аса алмады.

81 келінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Алтын: Әділбек Ниязымбетов (Маңғыстау обл.)
Күміс жүлде: Бекзат Нұрдәулетов (Маңғыстау обл.)
Қола жүлдегерлер: Бек Нұрмағанбет (ОҚО) және Михаил Коханчик (Қостанай обл.)

91 келі салмақта қостанайлық боксшы Антон Пинчуктің мерейі үстем болды. Ол өткен жылы және 2012-2013 жылдары да ел чемпионы атанған болатын. Биыл төртінші мәрте ел біріншілігінде көш бастап отыр.

91 келі салмақтың жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Алтын: Антон Пинчук (Қостанай обл.)
Күміс жүлде: Нұрбол Алтаев (Атырау облысы)
Қола жүлдегерлер: Абзал Құттыбеков (ОҚО) және Мұхамеджан Еркін (ОҚО)

Биыл аса ауыр салмақта да жаңа чемпион пайда болды. Ол Жамбыл облысының боксшысы Нұрсұлтан Аманжолов. Өткен жылы бұл салмақта Олжас Бұқаев үздік атанған болатын.

+91 келі салмақтың жеңімпазы мен жүлдегерлері:
Алтын: Нұрсұлтан Аманжолов (Жамбыл облысы)
Күміс жүлде: Олжас Бұқаев (Павлодар облысы)
Қола жүлдегерлер: Нұрболат Сермаханов (Астана қ.) және Айболды Дауренұлы (Маңғыстау обл.)

Осылайша ел біріншілігі де өз мәресіне жетті. Жалпыкомандалық есепте 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған ОҚО боксшылары бірінші орынға ие болса, екінші орын 2 алтын 3 күміс 2 қола жеңіп алған маңғыстаулық боксшылардың үлесінде. Үздік үштікті 2 алтын 1 күміс иеленген жамбылдық тұйықтады.

Соңғы жаңалықтар