Биыл «Арқалық-Торғай» тасжолы жөнделеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалыққа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко бірнеше нысанды аралап, қала активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғариннің айтуынша, 2018 жылы жол жөндеу, қазба байлықтарын игеру, логистика мәселелеріне баса мән беріледі.
null 

«Арқалық - Қостанай облысының оңтүстігіндегі жалғыз теміржол торабы. Елбасы Жолдауымен жүзеге асқан «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолының іске қосылуының нәтижесінде логистикалық әлеуеті арта түсті. Сондай-ақ, қала Аманкелді, Жанкелдин және Науырзым аудандарының негізгі отын базасына айналды. Былтырғы жылыту маусымында қалаға 3713 тонна көмір жеткізілді. 121,1 тонна отын мазутын сатып алуға Үкіметтен 1 млрд 219,3 млн теңге сомасында қаражат бөлінді», - дейді қала әкімі.

Биыл Арқалықтың экономикасын әртараптандыру үшін «Қазгеология» АҚ және жеке инвесторлардың қолдауымен пайдалы қазбалар кен орындарын қосымша барлау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, нефритойд, қорғасын, мәрмәр, құрылысқа қажетті тас және құм игерілмек.

Жиында мәлім етілгендей, «Петропавл - Арқалық - Жезқазған» мемлекеттік маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері қайта жаңартуды қажет етеді. Активте сөз алған еңбек ардагері Қайырден Жиенбаев пен «Агроинтерқұс» ЖШС бас директоры Александр Лоренц қала тағдырына қатысты ойларын ортаға салды.

«Басты проблема - автомобиль жолдарының жарамсыздығы. «Арқалық - Қостанай» көтерме жолының сапасы жақсарғанымен, «Арқалық - Астана» тасжолы жөндеуді қажет етеді. Бұған қоса «Арқалық-Жезқазған» бағытының 205 шақырымы, «Арқалық-Державин» жолының 110 шақырымы қалыпқа келсе, біраз кәсіпкерлердің шаруасы жеңілдер еді», - деді Қайырден Жиенбаев.
null 

Айтылған мәселелерді түртіп алған Владимир Божко қазір жол жөндеудің басты назарда екенін айтты. Өз кезегінде, қала әкімі «Арқалық-Торғай» бағытындағы автокөлік жолының күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 370 млн теңге бөлінетінін айтты.

«Парламент Мәжілісінің сайтында әрбір депутаттың жеке парақшасы бар. Сіздер айтқан ұсыныстар сонда да келіп жатыр. Бәрі қаржыға тіреледі. Бұл мәселе оң шешімін тапса, тас жолдар да жөнделеді», - деді Божко.

Мәжілісмен қаладағы «Қазақстан Алюминиі» кен басқармасына барып, жұмысшылармен кездесті.

Тау-кен ісі, өңдеу өнеркәсібі бойынша 9 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өткен жылы қаланың өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 7 млрд. 200 млн теңге немесе 96,6%-ға жеткен. Кәсіпорында 800-ден астам адам қызмет атқарады.

«Кен басқармасы Арқалықтағы ең ірі жұмыс беруші және салық түсімінің көзі болып отыр. Өткен жылы қалалық бюджетке бөлінген қаражат көлемі 251 млн теңгеден асты немесе жалпы табыстың 14% -ын құрады. Шамамен 1 млрд. 230 млн теңгеге отқа төзімді балшық экспорттады. Қала экономикасына шамамен 1 млрд 800 млн теңге инвестиция салынды», - деп мәлімдеді Торғай боксит кен басқармасының бас инженері Владимир Романенко.

Дегенмен, боксит кен қорының таусылуына байланысты, компания 2021 жылға дейін оңтайландырылған режимде жұмыс істемек.

Соңғы жаңалықтар