Биыл Алматы облысы 30 мың тоннадан астам қант өндірмек

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында 9 мың гектарға қант қызылшасы егіледі. Одан 300 мың тонна өнім жиналады деп жоспарлануда. Бұл былтырғыдан 60 мың тоннаға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазір жетісулық шаруалар қызылша егуді жалғастыруда. Бүгін қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін дәстүрлі «Алқап күні» семинары өтті. Көксу ауданының егістік алқабында болған жиында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, пайдалы кеңестер берілді.

Жалпы биыл облыс бойынша 590 шаруашылық қант қызылшасын егеді. Аталған жұмыстар мамырдың 10-на дейін аяқталады. Ал себіліп жатқан тұқымдардың басым бөлігі Франция және Германиядан сатып алынған. Бұл тұқым түрлері мол өнім береді. Гектарына 800 центнерге дейін жетеді.

Айта кетейік, қант қызылшасын өңдеу мақсатында «Ақсу қант» зауытын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда облыс бойынша Көксу қант зауыты ғана жұмыс істеп тұр. Былтыр өнімнің көп болғаны сонша, шаруалар зауыт алдында ұзын-сонар кезекке тұрып, түнеген болатын. Биыл «Ақсу қант» зауыты жұмысын бастаса Сарқан, Алакөл, Ақсу сынды аудандардың шаруалары аталған мекемеге өнімдерін өткізетін болады.

Соңғы жаңалықтар