Бишімбаев: Алдағы 15 жылда 202 мың отбасы пәтерлі болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 15 жылда 202 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарды одан әрі несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бұрын бөлінген қаражат есебінен «револьверлік» қағидат бойынша несиелік тұрғын үй салу жалғасатын болады. Осы мақсат үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның 180 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражатын әкімдіктерге бөлу ұсынылады. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның 2016 жылғы 97 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражатын несиелік тұрғын үй салуға қайта бөлген орынды деп санаймыз», - деді министр.

Оның айтуынша, тұрғын үй салуға бөлінген қаражат айналымын қамтамасыз ету үшін жыл сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 24 млрд. теңге бөлу қажет. Бұл банктің салымшыларына төмендетілген проценттік ставкамен тұрғын үйді өткізуге мүмкіндік береді.

«Нәтижесінде 15 жылдың ішінде 12,0 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл 202 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, «ҚИК» АҚ-ның жыл сайын түсіп тұратын жалдау ақысын несиелік тұрғын үй салуға қайта инвестициялау мүмкін деп санаймыз. Есеп бойынша, 2031 жылға дейін оның сомасы 112,6 млрд. теңгеге жетеді, бұл қосымша 43 мың пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік жасайды», - деді Бишімбаев.

Соңғы жаңалықтар