Біртанов реформасы: Бас дәрігердің 300-400 мың теңгесін медбикелерге таратып беруге болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ауруханалардың басшылық аппараты қысқартылуы әбден мүмкін. Бүгінде денсаулық сақтау министрлігі медициналық мекемелердің бірыңғай нормативін дайындап жатыр. Соның аясында ауруханалар мен емханаларды өзара біріктіріп, әкімшілік штатты барынша қысқарту қарастырылған. Осының арқасында бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады екен. Министр Елжан Біртанов ол ақшаның есебінен қарапайым медбикелердің жалақысын көтеруді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шыны керек, бұған дейін республика бойынша жүздеген ауруханалар мен емханалар салынды. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында біраз нысандардың салынғаны да есімізде. Алайда жергілікті атқарушы органдар Президенттің тапсырмасын желеу етіп, медициналық мекемелерді топырлатып салып тастаса да, ол ғимараттарды тиімді пайдалану жағын ескермепті. Енді, бір жердің ауруxанасында науқастарға орын жетпей жатса, басқа аймақтарда, керісінше, стационар орындары бос тұр. Осылайша, әкімдер ауруханалардың құрылысына бюджет қаражатын аямай жұмсаған. Бірақ жергілікті халықтың санын ескермеді. Әлбетте, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да тиісті бақылау шаралары жүргізілмеді. Министр Елжан Біртанов осы олқылықтың орнын толтырып, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспарын дайындап шықпақшы. Оның реформасы медициналық инфрақұрылымды барынша тиімді әрі халыққа ыңғайлы етуге арналған.

«Өткен жылы 11 мыңға жуық адам ауруxанаға жатқызуды 90 күннен астам уақыт күткен. Алайда республика бойынша 4,2 мың жатын орын бос тұрды. Осының өзі дұрыс жоспар құрмаудың көрінісі болса керек», - дейді Елжан Амантайұлы. Соған қарамастан, қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар медицина саласын дамытуға тағы 1 трлн теңгені сұрап отыр. Дегенмен, құрылыс нысандарын жоспарлау кезінде олардың бюджет ақшасын көптеп алуға деген құлшынысы да жоқ емес. Мәселен, Астанадағы балаларға арналған инфекциялық емxанада бір жатын орынға 240 шаршы метр (!) қарастырылған. Ондай көрсеткіш xалықаралық талаптардан екі есе артық, ал республика бойынша салынатын нысандардың көрсеткішінен алты есе жоғары болып тұр. Осылайша, бір жатын орынға бюджеттің біраз ақшасы кетіп жатады. «Амбулаторлық мекемені салу кезінде нақты қажеттілік, яғни жергілікті xалықтың саны ескерілмейді. Осының салдарынан жатын орындар бос тұрады. Жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын тиімді жұмсауға жауапсыз қарайды. Сондықтан бізге денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары аса қажет», - деп атап көрсетті министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары аясында жедел қызметтердің санын арттыру, ауруханаларды монобейінді қызметтен мультибейінді, яғни көпсалалы мамандар жүйесіне ауыстыру сияқты шаралар қарастырылған. Ол үшін медициналық қызметтердің бірыңғай нормативі қабылданбақшы. «Мәселен, стационарларға келетін болсақ, Қазақстанда емxаналармен қамтамасыз ету көрсеткіші Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттерден 40 процентке артық болып тұр. Себебі бізде монобейінді ұйымдар көп. Ауруxаналарда жатын орындардың орташа саны 130-ға тең. Бұл көрсеткіш Дүниежүзі банк ұсынған жоспарлардан төрт есе жоғары. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, жетекші стационарлар көпбейінді, яғни ол жерде медициналық қызметтердің саны көп. Мультибейінді қызмет деген осы. Соның арқасында науқасты жүйелі түрде емдеуге мүмкіндік бар», - дейді министр Біртанов.

Бірыңғай нормативке сәйкес, аудандық ауруханаларда мамандардың саны артады. Негізгі мақсат - ауыл халқына сапалы әрі көпсалалы медициналық қызмет көрсету. Алайда әрбір мекеменің штаты халықтың сұранысына, науқастардың орташа санына сәйкес болады. Қалаларда мультибейінді ауруханаларды құру жұмысына басымдық беріледі. Осылайша, медициналық қызметтің тиімді жүйесі құрылады. Ал жеке-дара жұмыс істейтін емxаналардың саны бірте-бірте 360-тан 105-ке қысқарады. Бұл дегеніміз, ауруханалар өзара бірігіп, көпбейінді медициналық мекеме ретінде жұмыс істейтін болады. Ал әкімшілік аппаратты қысқартудың арқасында жеке-дара ауруханалардың саны азаяды. «Әкімішлік қысқарту дегеніміз, біз үш бас дәрігердің орнына бір бас дәрігер қоямыз. Қазір бір бас дәрігер айына 300-400 мың теңге алады. Оған қоса, орынбасарлар, буxгалтерия және тағы басқа әкімшілік шығыстар бар. Соның бәрін қысқартудың арқасында жыл сайын 10,7 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік бар. Әрине, үнемделген ақшаны қарапайым медбикелер мен дәрігерлердің жалақысына жіберуге болады», - деді Біртанов мырза ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. Министрдің айтуынша, елімізде монобейінді стационарларды мультибейінді мекемеге айналдырудың тәжірибесі де жоқ емес. Мәселен, Ақтөбе облысында құрылған медициналық кластердің құрамына балалар мен үлкендерге арналған бірқатар ауруханалар, сондай-ақ бір консультативті-диагностикалық орталық кірді. Осының арқасында науқастар бір жерден бірнеше медициналық қызметті алып жүр. Әкімшілік аппаратқа кететін біраз қаражат та үнемделіп отыр.

Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта бір облыста аурухана салынса, алдымен басқа аудандардың сұранысы ескеріледі. Сөйтіп, ондай орталықтардың санын көбейтпеу үшін бір ғимаратты кеңейтіп салу қарастырылған. «Ал қазіргі ауруxаналарды шарбақты алып тастай салып, біріктіріп жіберуге болады. Себебі ондай мекемелер көп жағдайда бір-біріне жақын орналасқан. Арасын тек тосқауылдар ғана бөліп тұр. Әкімшілік штатты қысқартуға да көп уақыт кетпейді», - дейді Біртанов.

Қазақстанның денсаулық саласын бір емес, екі рет басқарған экс-министр Жақсылық Досқалиев өз ізбасарының бастамасын толығымен қолдап отыр. Оның айтуынша, бүгінде ауруханалар мен емханаларды бөліп басқару жүйесі тиімсіз болып тұр. Себебі бір жерде ғимарат бар, бірақ маман жоқ, енді бір жерде, керісінше, маман көп те, ғимараты тар. Содан маманы аз ауруханалар басқа мекемелердің қызмектерлерін ақылы қызмет көрсетуге шақырады. Бюджеттен тағы шығын шығады. Ал осының бәрін біріктірсе,ақшаны үнемдеп қана қоймай, медициналық қызметтің сапасын көтеруге болады. Себебі мамандар да, техника да бір жерде шоғырланады.

«Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір жерлерде аурухана әкімшілігі өз ресурстарын тиімсіз пайдаланады. Ал ондай әкімшілікті қысқартудың арқасында біраз ақшаны үнемдеуге мүмкіндік бар. Одан да сол ақшаны жетекші дәрігерлер, санитарлар мен медбикелердің жалақысына жұмсайық. Біртановтың бастамасы өте дұрыс», - деді Ж. Досқалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Осы орайда экс-министр аудандық ауруханада болған бір «реформаны» еске алды. Ол жерде поликлиника мен стационарды бөліп, екі бас дәрігерді тағайындап қойған. Онымен қоймай, дәрігерлік амбулаторияны бөлек шығарып, үшінші бас дәрігер қызметін енгізген. Осылайша, үш бірдей бас дәрігер облысқа үш бөлек қызметтік көлікпен барып жүрді. Үшеуіне бюджеттің біраз қаражаты жұмсалды.

Сөз жоқ, жаңа министрдің тың бастамасы орынды. Себебі бүгінде ауруханалардың құрылысына кеткен миллиардаған ақша былай тұрсын, әкімшілік штатқа да бюджеттің біраз қаражаты кетіп жатыр. Ендігі кезекте, бірыңғай жоспар мен нормативтің дайындалғаны қажет. Министр Біртанов осы саладағы барлық мәселелерді зерделеп, жақын арада аталған бастаманы құжат жүзінде Үкіметтің қарауына енгізуге мүдделі. Ол құжат әлі дайын болмаса да, әлеуметтік желі қолданушылары министрдің жаңа реформасын талқылауға кірісіп кетті. Пікір жазып жатқандардың барлығы дерлік ол бастаманы қолдап отыр.   

Соңғы жаңалықтар