Біртанов Алматы қаласы дәрігерлеріне медициналық сақтандыруды енгізу мәселелерін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы С.Д. Асфендияров атындағы ҚАЗМУ-да ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Басқарма басшысы Елена Бахмутова және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Румиля Тауфикованың қатысуымен әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу (МӘМС) мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша Елбасының тапсырмалары жөнінде отырыс өтті.

«Жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аймақтық комитет басшылары, МӘМС-ті енгізудің ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша қалалық штаб мүшелері, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы коллегиясының мүшелері, денсаулық сақтау басқармасы басшылары, Алматы қаласы медициналық ұйымдардың өкілдері, салалық бірлестіктер мен ҮЕҰ өкілдері қатысты», деп хабарлайды ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
 

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын тиімді басқару мен қаржыландыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу - аталған мәселелерді шешуге негізделіп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Министрлік халықтың денсаулығын нығайтуды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында аурулардың алдын алу, ең алдымен, Қазақстанда қоғамдық денсаулық қызметін құру бойынша біріктірілген үлгі негізінде халықтың денсаулығын нығайту бойынша жаңа саясатты енгізу мақсаты құрылды», - деді Елжан Біртанов.

Биыл 1 шілдесінен бастап мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетін болады. Бұл жүйенің тиімділігін халықаралық тәжірибе дәлелдеген. Медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларына медициналық қызметтердің ауқымды көлемі ұсынылады. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған санатын мемлекет қолдайтын болады. Үкімет денсаулық сақтау саласын тиісті ақпараттандыру жүйесімен қамтамасыз етуі шарт. Бәсекелестікті арттыру мақсатында медициналық сақтандыру жүйесінде жеке медициналық ұйымдарға теңдей мүмкіндік берілуі тиіс. Үкімет пен әкімдіктерге ауқымды ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы өзінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында.
 

ҚР Денсаулық сақтау басшысы медициналық сақтандыру саласындағы заң жобаларына енгізілетін жаңалықтар туралы да айтты. Онда жарна төлеушілердің барлық санаты бойынша төлем мөлшерлемесін төмендету, жарнасы мемлекет есебінен төленетін азаматтар санатын кеңейту бойынша, сонымен қатар, медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеу тетіктері көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы қарашада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылданды. 2016 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған құжатқа сәйкес Медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мерзімі 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.

Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалардың Қорға төлейтін жарналары 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды. Жалдамалы жұмысшылардың жарна төлеу мерзімі бұрынғыдай - 2019 жылдан басталады.

МӘМС жүйесіндегі жеке тұлғалардың медициналық көмек алу, денсаулық сақтау ұйымын таңдау мен медициналық көмектің көлемін анықтау құқығы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылатын болады.
 

Қазіргі таңда жарна төлеушілердің барлық санаты бойынша төлем мөлшерлемесін төмендету, жарнасы мемлекет есебінен төленетін азаматтар санатын кеңейту бойынша, сонымен қатар, медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеу тетіктері көрсетілген заң жобасы дайындалуда.

Медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің мақсаты мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген медициналық көмек көрсету міндеттемелері мен кепілдік берудің тұрақты әрі үйлестірілген жүйесін құру болып табылады.

Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіндегі әрбір азаматтың қатысу деңгейі мен жауапкершілігі нақты анықталатын болады.

МӘМС-тің негізгі артықшылықтары: денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі, әлеуметтік бағдар, МӘМС міндеттемесі, теңдей қолжетімділік (кіріс пен жарна көлеміне қарамастан әрбір азамат МӘМС пакеті аясында қажетті медициналық көмекті ала алады), медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестік, қызметтер сапасының жоғарылауы, стратегиялық сатып алулар, денсаулық сақтау саласын қосымша қаржыландыру, жеке және бейресми төлемдерді азайту.

Соңғы жаңалықтар