Бірнеше шет тілін меңгерген тәуелсіздік құрдасы Дінислам ауылда тұрады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Бірнеше тілде еркін сөйлейтін тәуелсіздігіміздің төл құрдасы Дінислам Әбілов ауылда тұрады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі Қазалы аудандық әкімдігіне сілтеме жасап.

Шалғайда орналасқан Бозкөлдің мектебін үздік бағаға бітірген Дінислам спортқа әсіресе, футбол, волейбол, баскетболға құмар болып өсті. Оқушы күндерінде білім сайыстарымен қоса, түрлі спорт жарыстарында аудандық, облыстық деңгейдегі бәсекелерде топ жарды. Бағы мен бабы қатар жанып, ҚазҰТУ-дың білім грантын жеңіп алды. Мұнда да спорттан қол үзген жоқ. Университеттің құрама командасы сапында ойнап, бірқатар жетістіктерге жетті. 

Дегенмен Дінисламның басты діттегені білімін одан әрі тереңдете түсу болатын. Алдымен бакалавр, сонан соң магистратурада білімін жалғастырды. Испанияда, кейін Италияда іскерлік тәжірибеден өтті. Қайда жүрсе де, өзінің елін мақтан тұтып, сол жұрттың тілін, әдет-ғұрпын меңгеруге күш-жігерін салды. Еңбегі босқа кетпеді. Дінислам Күншығарұлы ана тілінен бөлек орыс, испан, итальян, ағылшын тілдерінде емін-еркін сөйлейді.  

Көпті көрген көсем болатыны анық. Білім қуған Дінисламның басынан да біршама қызықты оқиғалар өткен екен. Барселона қаласында әлемдік деңгейдегі даңқты футболшылар  Ней­мар, Суарес, Мессидің ойын­дарын көзімен көріп, жанкүйер болды. Жасыл алаңда теңбіл доп­ты ұршықтай үйірген танымал футболшылардың қимылына көз ілеспейді. Тірі адам емес, құдды бір машина дерсің.

Көпшіліктің ішінде кімдер жүріп, нендей оқиғалар болмайды дейсіз. Римде Бота есімді қазақ қызының ақша салған әмиянымен қоса, төлқұжаттарын ұрлатып алғанын әлеуметтік желі арқылы білген сондағы қазақ жастары оған қолұшын созған. Көпшілік қуаттаса, оңға бас­пайтын іс болар ма?! Қиянда жүрген қарындасқа қа­жетті қаржы жиналды. Құжаттар да реттелді. Осы­лайша жат елдегі жастарымыз ата-бабаның тар ке­зең­де жақынын далаға тастамайтын мәрт үрдісін жалғастырды. 

«Көпке топырақ шашқаным емес. Еуропада өздерінің астанасын, президентінің есімі кім екенін білмейтін адамдар да бар. Алайда, олар Астана қаласы мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жақсы хабардар болып шықты. Мұны естігенде кеудемді мақтаныш кернеді. Италияда спорт пен туризм жақсы дамыған. Өте мәдениетті халық. Үйренетін нәрсе көп», - дейді Дінислам ағынан жарылып.

 

Соңғы жаңалықтар