Бір жатырға сыйғандар, бір шатырға неге сыймай жүр - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

Қара домбыра Қызыл кітапқа еніп кетпесін - «Aq jol» газеті

null 

Мақалада қазақтың қара домбырасына құрметтің азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірілген. Автордың жазуынша, ұлт аспаптарының төресі саналатын, ертеректе әр қазақ шаңырағының төрінен табылатын домбыра бүгінде көзге көп түспейтін болған. Жазуынша, бүгінге домбыраны төріне әліп қастерлейтіндер де, оны қолдан-қолға өткізіп шертетіндер қатары да азайып барады екен. «Бұрын ата-бабаларымыз төрдегі домбыраның жанына берен мылтық пен сегіз өрім қайыс қамшыны қоса іліп қоятын. Сондағы үкілі домбыраны ілгені - үйден құт-береке қашпасын дегені, ал мылтық пен қамшының сұсын көрген бала аталы сөзден асып түспейді екен».

Бұдан бөлек мақалада соңғы кездері радиодан, теледидардан, тіпті көптеген концерттік бағдарламалардан домбыра үнінің сирек естілетінін айтады. Той-томалақта шуылдақ музыкадан құлақ тұнатын жағдайға жетіптік. «О заман да бұ заман, жаңа түскен келіннің бетін музыкалық синтезатормен ашқан асабаларды да көз көріп жүр. Біз мұнымен қасиетті қара домбырамыз қолданыстан шығып қалды деуден аулақпыз, десек те тұрмысымыздан дәстүрлі өнеріміз шеттеп бар жатқаны рас».

Түйіндей келе автор, домбыраның бала тәрбиесіне де қатыстылығын айтып өтеді.

 

Ебескінің үш бөрісі - «Ақтөбе» газеті

null 

Екі алып империяның арасында қазақ мемлекеттігі қалай сақталып қалды деп таңғалатындар аз емес. Бұл Абылай хан заманының озық дипломатиясы ғана емес, «ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші» деп өткен батыр бабалардың да мұрасы. Ондай батырлар ұмытылмауы, ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс. «Ақтөбе» газетіндегі мақала да осындай ниеттен жазылғаны анық. Мақала азаттық үшін жан аямай күрескен, ел үшін, жер үшін атқа қонған батыр бабаның бірі - Құттығай Ебескіұлына арналған екен.

Автор оқырманды алдымен Құттығай батырмен, оның ерліктерімен таныстырады. «Құттығай батырды сөз еткенде  Алтай, Жұлдыз батырлардың есімін атамау мүмкін емес. Ел ішінде «Ебескінің үш бөрісі» аталған батырлар елімізді жоңғар шапқыншылығынан қорғаған, Атырау, Жем, Сағыз, Ойыл бойында сырттан келген қалмақтарға қарсы тойтарыс берген. Ресей мен екі арадағы сауда-саттық қатынасын реттеуге, ынтымақтастықты орнатуға күш жұмсаған».

Деректерге қарағанда, Құттығайдың әкесі Ебескі - қара қыпшақ Қобыланды батырдың жиені, яғни батырдың қарындасы Қарлығаш пен  замандасы  Кете Әлмәмбеттің баласы. Ебескі де қалың елге батырлығымен танылған. Ебескінің Алтай, Құттығай, Жұлдыз есімді үш ұлы, Құндыз атты бір қызы болған. Үш ұлы да батырлығымен көзге түскендіктен халық арасында олар «Ебескінің үш бөрісі» аталып кеткен екен.

Батырлар туралы айтылғанда, олардың ерліктері ғана емес еларалық істеріне де тоқталып, тек ел аузындағы емес, мұрағаттардағы мәліметтер де келтірілген. «...«Ебескінің үш бөрісі» атанған батырлардың ерлігі мен қаһармандығы туралы халық арасында аңыз-әңгімелер айтылып жүр. «Аңыздың түбі - ақиқат», ал қазақ үшін халықтың аңызынан артық ақиқат жоқ».

Бір жатырға сыйғандар, бір шатырға неге сыймай жүр - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

«Ауылда үлкен бір әулеттен шыққан ағайынды екі жігіт үйді бөлісе алмай, ауланың қақ ортасынан бойы екі кісілік қорған тұрғызыпты. Жасыратыны жоқ, ағайын арасындағы мұндай алауыздық бүгінде таңсық болудан қалды. «Ағайын - ащы, мал - тұщы» демекші, екі бауырды осынша еліктірген әке-шешеден қалған қарашаңырақ екен. Олардың көзі кеткен соң, үйге көз тіккен екеудің арасында талас-тартыс басталады».

 «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарыққа шыққан мақала осылай басталады. Жазуынша, әлгі бір анадан өрбіген ағалы-інілі жігіттердің дауын ағайын түгілі, ауылдың атқамінерлері де шеше алмапты, сосын тастүйін бекінген екеудің ісін ақыры өздеріне қалдырып, бәрі теріс айналған. Ақыры ағайындылар ісі сотқа жетіп, соттың шешімі әлгі екеудің арасын бөлетін қорғанға айналса керек. «Басқа-басқа, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдан осындай жайттарды көргенде, көңілің құлазып сала береді екен», деп жазады мақала автор.

Сөз арасында қазаққа тән кеңдіктің, адамшылық қасиеттерінің жоғалып бара жатқаны да айтылады. «Алдыңа келсе атаңның құнын да кеш» деген кеңпейілділіктің, кішіліктің құрып бара жатқанын, есесіне түкке тұрғысыз үй ішіндегі даудың «сахнаға» шығып, айқай-шуға ұласып жатқанын алға тартады. Ағасы інісін, қызы анасын, келіні енесін, әйелі күйеуін сотқа беріп жатқан мысалдарды меңзейді.

«Сондағы мақсатымыз - әділдік емес, өш алу, қарсы тараптың абыройын айрандай төгу екен. Жалған намысты желеу етіп, сырт көзге әділетті көрінгіміз келеді. «Бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті» дейтін кешегі ағайындық жайсаң мінез, тумысынан сөзге тоқтаған халқымыздың бүгінгі болмысы осы демеске лажымыз жоқ» деп жазады автор.

Мақалада осындай ерсі әдеттен арылу жолы туралы айтыла келе, автор Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты идеологиялық еңбегіне жүгінеді.  

Меңей батыр - «Сыр бойы» газеті

null 

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, ерлігі көпке мәлім болғанмен, бұл күндері есімі ұмытыла бастаған ердің бірі Меңей батыр екен. «Меңей уақытысында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұлы Нұралы ханның бас қолбасшысы болған. Батыр өмір сүрген кезең Ресей империясының қысымына шыдамаған құба қалмақтар Еділден еліне ауған уақытпен сәйкес келеді».

Жазуынша, Меңей қол бастаған батыр ғана емес елдің егін егіп, диқаншылыққа бейімделуіне ұйытқы болған екен. «Қуаңдарияның бойында Меңей атты көл де бар. Дүниеден өткенде оны ұрпақтары мен туыстары сол жердегі биіктеу төбеге жерлейді. Кейін осы маң Меңей аталып кетті. Бұл жерде батырдың мавзолейі де тұр. 2013 жылы батырдың Өзбекстан мен Түркияда тұратын ұрпақтары мен елдегі ағайындар баба кесенесіне белгі қойған».

Айшуақ хан Әбілқайырұлының құлпытасында не жазылған - «Орал өңірі»  газеті

null 

«Орал өңірі» газетіндегі «Құлпытастар құпиясы» атты айдарда Айшуақ  хан Әбілқайырұлының құлпытасындағы жазулар баяндалған екен. Онда:

   1) Һуəл мулку əл-хаййул-лəззи лə иамут əбəдə / 2. Һəзəл мархад əл-мархум əл мағфур əл мабрур 3. Əбу əл-мұзафар уə əл-мансур саид баһадур хан 4. Айчуақ ибн хан Əбулхайыр ибн Хаджы 5. Сұлтан əлəиһи əл-ғафур əл рахим əл-ғуфран 6. Аллаһумма аджали əл-қабраһу раудатан мин риаддин əлджаннан 7. Уəлə Тəджали хафратин мин əл-нирану хафрат. Кəфə бил-мəут 8. Тарих 1227 сана 15 сəуірде рехлəт етді сексəн беш иашында (бүгінгі жыл санауымыз бойынша 1812 жылы 15 сəуірде 85 жасында қайтыс болған) 9. (Төренің таңбасы)

Артқы жағы: 1. Кіші иузінің қазақ халқы ішінде 2. Хүкүмет иелеиуб ханлық ішінде 3. олуб разы м.... сінде 4. етді ... 5. хайатында екі ұғлы хан олды 6. бірі Жантөре бірі Ширғазы 7. мүшəриф астанасы тағала м.....м 8. қойыбдүр енші... Алғазы сұлтан

«Айшуақ Əбілхайырұлы 1797-1805 жылдар аралығында Кіші жүздің ханы болған. Хандыққа 1797 жылы 70 жасында қол жеткізіп, 78 жасында өз еркімен бас тартқан. Орнына ұлы Жантөре хан сайланған. Құлпытас Теректі ауданы, Бекей ауылы маңындағы қорымда орналасқан».  

Павлодар облысында барлық балабақша қазақ тіліне көшеді - «Сарыарқа самалы» газеті

null 

Облыстық газеттің жазуынша, Павлодар аймағындағы барлық балабақшаларды мемлекеттік тілге ауыстыру үрдісі қолға алынып жатыр екен. Мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта облыста қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар саны 67-ні құрайды. Ал қос тілде қызмет көрсететін мектепке дейінгі мекемелердің саны - 84. «2016-2017 оқу жылымен салыстырғанда биыл қазақ тілінде тәрбиеленіп жатқан өзге ұлт өкілдері балаларының саны 437-ге өскен. Бұл көрсеткіш ата-аналардың мемлекеттік тілге деген сенімінің артқанын, ұл-қызының болашағы Қазақстанмен байланысты екеніне көз жеткізгендерін көрсетеді».

Айта кетерлігі, 2020 жылдан бастап мектептердегі 1-2 сынып оқушыларын латын қарпіне көшіру жоспарланғаны белгілі. Жалпы, латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа әліпбиіне толық көшу үрдісі 2025 жылға дейін жоспарланған. Сондықтан 2020 жылы мектеп табалдырығын аттайтын 1-сынып оқушылары балабақшадан қазақ тілін меңгеріп келуі тиіс.

Осыған байланысты «алдағы уақытта орыс тілді бала-бақшаларда қазақ тілінде сабақ беретін топтар ашылмақ. Онымен қоса, барлық балабақшаларда жекелей пәндер ана тілінде жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мекеме аясындағы мерекелер де қазақ тілінде өткізіледі».

Сирияға аттанған атыраулықтар: 67 баласы соғыс даласында жүр - «Атырау» газеті

null 

Атыраудан Сирияға аттанғандардың саны 54-ке жетіпті. «Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтың айтуынша, «отты нүктеге» аттанғандардың дені әйелдер екен. Олардың ішінде отбасымен бірге қоныс аударғандардың саны - 14. Қазіргі таңда бір ғана Атырау облысы бойынша 67 бала соғыс даласында жүр.

«Аталған 67 жеткіншектің екеуі 18 жасқа толған, 34 бала мектеп жасында, қалғандары мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер екені белгілі болды. Қазіргі таңдағы олардың тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр» деп жазады «Атырау».

Садақаға семірген... - «Қостанай таңы» газеті

Газеттегі мақалаға негізінен әнші Мақпал  Исабекованың әлеуметтік желідегі жазбасы түрткі болғанға ұқсайды. Онда Мақпал бүгінгі қазақ эстрадасындағы әншілердің  60  пайызы  той әншісі  болып  кеткенін айтып, ақша үшін жалданатын әріптестерін сынның астына алған. Осыны өрбіте түскен мақала авторы «той әншілерін» тіпті арыға апарып тастаған екен: «Иә,  әншілер  тойда ән  айтады. Онда  берген  ақша  халықтың  садақасы.  Сонда  түбін  ойлап  қарасаңыз  қазіргі  дүрдиіп  жүрген кейбір әншісымақтарымыз  садақаға  байыған  болып  шығады. Ондайлардың  «Той  -  халықтың қазынасы»  деуден  жағы  талмайды».  

Автор тойдың қазақ үшін құнды екенін, онда даңғаза әннен гөрі салт-дәстүр көбірек көрініс тауып, жол-жоралғылар жалғасатын орын екенін жазады. «Той өткізуді  «ағайынға  байлығымды  көрсетем»  деп  түсіну көргенсіздік.  Аста төк  ысырапшылдыққа,  даңғойлыққа  жол бермеңіз.  Байлығыңыз  асып-тасып  бара  жатса  жоқ-жітіктерге садақа  таратыңыз.  «Ұлық  болсаң -  кішік  бол»  деген  қағида  жаныңызға мәңгілік серік болсын» деп ақыл айтады мақала авторы. 

Соңғы жаңалықтар