Бір жасар сәби бесіктің арқасында Шымкентте құлаған үйде аман қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аружан есімді сәби Шымкентте жарылыс салдарынан опырылып құлаған үйде бесіктің арқасында аман қалған. 

Бір жасар қыз баланы үй қирандыларының астында қалып қою қатерінен бесік құтқарып қалған. Ал үйінділердің арасынан бесікте жатқан нәрестені бірінші болып көмекке жеткен Руслан Бахрамов алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.  

Алдын ала болжамға сәйкес, үйдің құлауы газ-ауа қоспасының жарылысынан болған. Жарылыс кезінде бесіктің үстіне төбенің үлкен бір бөлігі түскен. Бесік қаңқасының жоғарғы бөлігі баланы ауыр жарақаттардан сақтап қалған.

Бірақ оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі баланы тексеру үшін ауруханаға жеткізді. Өкінішке қарай, Аружанның анасын құтқару мүмкін болмады. Сабина алған жарақаттарынан көз жұмды. Шымкенттің Жедел медициналық көмек ауруханасында зардап шеккен бір адам жатыр, тағы бірі - Күйік орталығында.

Еске салайық, 8 қаңтарда шамамен сағат 03:30-да Шымкент қаласындағы Халықтар достығы көшесінде орналасқан екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылып , баспана опырылып құлаған болатын.

Жарылыс болған үйге бірінші болып, жақын маңда тұратын ҚР Ұлттық ұланының қызметшісі старшина Руслан Бахрамов жетті.  

Оқыс оқиғадан 1988 жылы туған Сабина Орынбаева қаза болды. Тағы төрт адам зардап шекті: Қарлығаш Аxанова 1996 жылы туған (2 дәрежелі күйік жарақаты), Әсия Орынбаева 1957 жылы туған (дене жарақаты), Дәурен Жұмалиев 1985 жылы туған (дене жарақаты), Аружан Дауылбай 2015 жылы туған (дене жарақаты).

Соңғы жаңалықтар