Білім министрлігінде түлектер кешіне ақша жинауды қолдамайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Білім және ғылым министрлігі түлектер кешіне ақша жинау және қосымша заттарды жалға алу идеяларын қолдамайды. 

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап беру кезінде аталмыш ведомство вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, түлектер кешіне қатысты ведомствода селекторлық кеңес ұйымдастырылып, соның барысында әрбір білім беру басқармасының өкілдері түлектермен қоштасу шараларын мектептің ішінде өткізу тұрғысында жұмыстар атқарып жатқандығын хабарлаған.

«Ал ата-аналар комитеттері қандай да бір кештерді немесе басқа да шараларды мектептен тыс жерде өткізу тұрғысында өздері шешім қабылдайды. Жалпы түлектермен қоштасу мектепте ұйымдастырылады»,-деп нақтылады Асылова.

Осы орайда ол министрлік ақша жинау мен қосымша заттарды жалға алу секілді идеяларды қолдамайтындығын қадап айтты.

Вице-министр бүгінде ата-аналармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жақында ата-аналар жиналысы да өткізілгенін жеткізді. Бұл тұрғыда ведомство ағымдағы аптада түлектер кешіне қатысты ақпараттық жұмыстарды күшейтпек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР БҒМ түлектер кешіне қаржы жинау мәселесіне түсінік берген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар