Білім алатын жастар мәселесінің шешім табуы аса маңызды - проректор Баршагүл Исабек

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Елімізде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі - бүгінгі өмірдің өзекті тақырыбы. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі негізінде қолға алынатын тың бастамалар ұстаздарға ерекше серпін беріп отыр. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық унверситетінің проректоры Баршагүл Исабек осындай пікір  айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баршагүл Қашқынқызы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге 75 мың орындық жатақхана салынатыны жастардың көптеген әлеуметтік мәселелерін шешеді деп отыр. Оның пікірінше қазіргі таңда суденттер саны бұрынғымен салыстырғанда әлденеше артқан.

«Жастардың жоғары білім алу кезінде тұратын жерлерінің жайлы болуы олардың білім сапасының мазмұнын арттыратыны ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда болашақтың тұтқасын ұстар жастардың басты мәселесі оңтайлы шешім табатыны көңіл қуантты. Бізге серпін сыйлаған тағы бір бастама - білім грантының 20 мыңға артатыны болып отыр.  Стататисткалық мәліметтерге сүйенсек,  қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас білім алуда. Оның 30%-ға жуығы мемлекет бөлген грантпен оқуда. Ал, қосымша мыңдаған гранттардың бөлінуі  мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау болып саналады», - дейді Баршагүл Қашқынқызы.

Бүгінде 33 бакалавр мен 1 магистратура бағыты бойынша мамандар даярлайтын Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде  4 мыңға жуық студент білім алады. Проректор алдағы оқу жылында білімгерлердің санын 6 000-ға жеткізуді жоспарланып отырғанын айтады. Бұл ретте Елбасы үндеуіндегі тың бастамалар оқу орнының дамып өркендеуіне сеп болатынына сенімді.

«Мемлекет басшысы «мен өркендеген Қазақстан - ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Себебі, бұл жастардың дұрыс, қалыпты әлеуметтік дамуына, баспанамен, жатақханамен, лайықты еңбекақымен, қолжетімді кәсіпкерлікпен, инфрақұрылымдық газбен қамтылуына ерекше көңіл аударуы жастардың жүрегіне жалындаған жігер, қайратына күш-қуат қосты. Келешектің көркем боларына көздерін жеткізді. Сенімдерін нықтай түсті.  Жалпы үндеу - жастардың әлеуметтік мүддесін көздеген маңызды құжат  болатынына сенімдімін», - дейді университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек.

Соңғы жаңалықтар