Биатлон: Вишневская үздік ондыққа ілікті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швецияның Эстерсунд қаласында әлем кубогы кезеңінде әйелдер бүгін 10 км қашықтықта ізге түсіп жарысудан сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, осының алдында спринттен жеңімпаз атанған германиялық Денизе Херрман жарыс жолына бірінші болып шықты. Ол нысана көздеуден екі мәрте мүлт кеткенімен, бұл жолы да ешкімге дес берген жоқ. Франциялық Жюстин Бреза соңғы нысана көздеуден кейін Д.Херрманмен бірге шыққанымен, оған ілесе алмай, бұл жолы да күміс жүлдені қанағат тұтты. Норвегиялық Марте Олсбу үздік үштікті түйіндеді.

Жарыс жолына  13-інші болып шыққан Галина Вишневская тек соңғы нысана көздеуде ғана бір рет мүлт кетіп, мәреге оныншы болып жетті. Сөйтіп ол биылғы әлем кубогы жарыстарында өзінің бабында екендігін дәлелдеп келеді. Әрине, басты мақсат алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарында барынша сәтті өнер көрсету екені анық.

Еске сала кетейік,  Г.Вишневская Максим Браунмен бірге биылғы беташар сында аралас эстафетадан Қазақстан биатлоны тарихында тұңғыш рет әлем кубогы кезеңінде қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Содан кейін 15 шақырымдық жекелей сында 20-сыншы, 7,5 шақырымдық спринтте 13-інші орынды иеленген еді. 

Соңғы жаңалықтар