Бейжіңде ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау шарасы өтті

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-дағы ҚР Елшілігі China World Hotel Beijing бес жұлдызды қонақ үйінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай салтанатты қабылдау шарасын өткізді, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.


Шараға 600-дей адам: ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Кун Сюанью (министрдің орынбасары дәрежесінде), Шэньси провинциясының губернаторының орынбасары Вэй Цзэнцзюнь, Қытайдың халықаралық саудамен әрекеттестігі комитеті төрағасының орынбасары Ван Цзиньчжэнь, ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов, Орталық әскери комитет өкілдері, ҚХР СІМ, ҚХР Сауда министрлігі өкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың басшылары, бизнес, сарапшылар қоғамдастығы, қазақ диаспорасы өкілдері, студенттер қатысты.

Қазақстан мен Қытай елдерінің Гимндері орындалған соң ҚХР-дағы ҚР елшісі Шахрат Нұрышев сөз сөйледі. Одан соң сөз кезегі  ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Кун Сюанью (министрдің орынбасары дәрежесінде) мырзаға берілді.

Қытайлық дипломат 2017 жыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы ретінде белгіленгенін атап өтті.

«Биылғы жылдың 9 айында екіжақты тауар айналымы 35 процентке өсті. Индустриялық салада да біздің қатынастарымыз жанданып келеді. Құны 27 млрд долларды құрайтын 51 жоба қолға алынды. Олардың 6-ауы жүзеге асырылып та үлгерді», - деді ол.

ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі «Бір белдеу, бір бағыт» жобасының аясында ҚР мен ҚХР арасындағы байланыстардың нығая түсетіндігіне сенім білдірді.

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығы мен ШЫҰ-ның марафонын ұйымдастырғаны үшін салтанатты жағдайда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хатшылығына Алғыс хат тапсырды. Осындай хаттар, сондай-ақ, «Нанхэ» және «Жаңа Еуразия» компанияларына «ЭКСПО-2017» көрмесі мен Қытайдың Қазақстандағы туризм күндерін өткізгені үшін қазақстандық және қытайлық ұйымдар мен мекемелерге және азаматтарға тапсырылды.

Шахрат Нұрышев пен Кун Сюанью «Қазақстанның туризм әлеуеті» атты көрмені тамашалады. Мерекенің соңы арнайы дайындалған концертке ұласты. 

Соңғы жаңалықтар