Бейжіңде «Ел жүрегі -Астана» атты футбол турнирі өтті

None
None
БЕЙЖІҢ.ҚазАқпарат - Бүгін Астананың 20 жылдығын атап өту шарасы аясында Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі «Ел жүрегі - Астана» атты шағын футболдан турнир ұйымдастырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің Қытайдағы меншікті тілшісі.

Жарысқа 40 адамнан тұратын 5 команда қатысты. Олардың арасында қазақстандық дипломаттар, студенттер, ұлттық компания өкілдері мен олардың отбасы мүшелері бар. Жарысқа қатысушыларға өзінің құттықтауын Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі Шахрат Нұрышев жолдады.

Турнирдің ең үздік шабуылшысы атағына Азамат Тельтай лайықты деп танылды. Ол қарсыластарының қақпасына 7 гол салды. Ең мықты қақпашы атағына Әбу-Тәліп Аймаханов ие болды.

«Мұндай шаралар Отаннан алыста жүрген бізге Астананың 20 жылдығының жақындап келе жатқанын шын жүректен сезінуге мүмкіндік береді. Елордамыздың мерейтойы барлық қазақстанықтар үшін маңызды шара»,-деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында А.Тельтай.

Айта кетейік, Қазақстан астанасының 20 жылдығын атап өтуге арналған «Ел жүрегі-Астана» тұжырымдамасында қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық шаралар қарастырылған. Құжатты 2017 жылдың 27 қыркүйегінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен.

Оны жүзеге асыру аясында Қазақстанның Қытайдағы елшілігі баскетболдан жарыс және көптеген концерттер, көрмелер мен өзге де бірқатар мәдени шараларды ұйымдастыруды көздеп отыр.

Ақпанда Қазақстанның Қытайдағы елшілігі «Ел жүрегі-Астана» атты ұранмен теннис жарысын өткізген болатын.

Соңғы жаңалықтар