Бейбіт Шүменов кәсіпқой боксқа қайта оралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы, бірінші ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменов (17-2, 11 КО) кәсіби боксқа қайта оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 2017 жылдың сәуір айында Шүменов пен кубалық Юниеру Дортикос (21-0, 20 КО) өзара кездесу өткізуі керек болатын. Алайда қазақстандық боксшының жарақат алып қалуына байланысты кездесу кейінге қалдырылды.  Маусым айында Бейбіт Шүменов бірінші ауыр салмақтағы WBA чемпиондық титулдан бас тартып, көзінің жарақатына байланысты бокстан кететінін мәлімдеді.  

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында боксшы не себепті үлкен спорттағы мансабын аяқтау туралы мәлімдеме жасағанын түсіндірді.

«Сол кездері менеджеріммен қиындықтар туындады, ол өз жұмыстарынан босай алмады және маған қажетті айқас ұйымдастырмады. Сол себепті бір орында тұрып қалдым. Оның үстіне көзімнен жарақат алып, екі рет ота жасаттым. Осылайша жиналып қалған эмоциялық күйзелістерден мансабымды аяқтаймын деп шештім. Шын мәнінде маған ұзақ үзіліс керек еді. Қазір өзімді жақсы сезінемін, қалпыма келдім және мансабымды әрі қарай жалғастырғым келеді. Бүгін кәсіби боксқа қайта оралғанымды ресми түрде мәлімдеймін», - деді Бейбіт Шүменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бейбіт Шүменов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында промоутерлік лицензиясы бар жалғыз шетелдік боксшы. Оның KZ Event Productions, Inc. Промоутерлік компаниясының Showtime, ESPN, Fox Sports Network, NBC Sports каналдарымен алдын ала келісімдері бар. Боксшы осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ол өзінің кәсіби мансабын жалғастыратынын және отандық боксшылардың Қазақстанда ғана емес, әлемде танылуы үшін қолдау білдіретінін айтты.

Боксшы келесі қарсыласының есімі әзірге белгісіз екенін, бірақ келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты және қазақ балалары үшін бокс мектебін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар