Бесікке бөлеу баланың денсаулығына зиян ба - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

 Әрбір әйелдің парызы - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

«Оңтүстік Қазақстан» газеті әйелдер мәселесі тақырыбын көтеріп, бұл жолы төркіндеу рәсіміне кеңінен тоқталыпты. Бақсақ, әр әйелдің парызы төркіндеп тұру  екен. «Әйел адамның жаназасын шығарарда молда жиналған көпшiлiк алдында оның туған-туыстарынан, қайын жұртынан «Төркiндедi ме?» деп сұрайды. Егер әртүрлi себептермен төркiндемеген болса, сол жерде етжақындары төркiндеу рәсiмiн жасайды. «Марқұм қызымыз төркiндеп келгенде бергенiмiз болсын» немесе «Марқұм қызымыз төркiндеп келгенде атаған малымыз болсын» деп әкелген сый-сияпаттарын көрсетедi. Мiне, содан кейiн марқұм төркiндеп өз парызынан құтылған болып саналады. Егер де бұл рәсiм орындалмаса, оның артында қалған өз жұртына ауыр жүк артылғандай болады» деп жазады газет.

Бұл ретте мақала авторы  жалпы төркiндеу рәсiмiнің қыры мен сырына үңіліп, үлкендер тәжірибесі негізінде бірқатар тұлғалардың пікірлерін  де алға тартады.

Байқасақ, қазақта төркіндеу рәсімінің өзі кезінде сән-салтанаты жарасқан үлкен той болған еді дерсің. Мәселен, келіншек өзінің ата-анасы тұрған қарашаңыраққа барып, Құран оқытып, туған-туысқандарына ас бередi. Сосын бауырларына қонаққа барып, сый-сияпатын тапсырады. Олар да құдалар жағына өз тартуларын жеткізіп, төркiндеу соңы ұлан-асыр тойға ұласқан екен. Мінеки, бұндай думанды шара өзара бауырластырып, сыйластырып жататын үдеріс еді. Ал қазір ше? Төркіндеу рәсімі неге жаңғыртылмайды екен деген ой келеді.

 

Баланың бесігі, кең дүниенің есігі - «Жетісу» газеті
null 

«Бесік зиян» дегенді бабаларымыз естісе шалқасынан түсетін еді. Дегенмен, бүгінгі медицина мамандарының пікіріне сүйенетіндер осыла айтып жүр. Ал шындығында баланы бесікке қымтап, матаудың зияны бар ма? «Жетісу» газетінде осы мәселені көтерген мақала жарияланды. Мақала авторының жазуынша, бүгінгі күні бірді-екілі бесіктің қасиетін түсінген адам болмаса, көпшілік оның киелі мүлік екендігін ұмыта бастаған. Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-аналар да жоқтың қасы. Тіпті «бесік зиян» дейтіндер де баршылық.  Бұл баяғы кеңестен қалған көзқарас.

«Шындығында, бүгінде бесікті өз дәрежесінде бағалай алмай отырғандығымыз белгілі бір отбасының ғана бас ауыртар мәселесі емес, ұлттың қасіреті десек болады. Өйткені, бесік - өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ержеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл заты емес пе?!...«Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүрмейді, аяқ-қолы қисық болады» дегеннің бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме. Бесік, керісінше, балаға әмбебап тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды» деп жазады автор.

Жазуынша, бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетілетіндіктен, баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бұдан бөлек, мақалада бесіктің баланы бағудағы басқа да қасиеттері тізбектеліп, оның аясындағы көптеген дәстүрлерге тоқталыпты. Ал ондай дәстүрлердің қатары бүгін бала бесікке бөленбеген себепті ұмытылып барады екен. Мақала соңы мынада әфсанамен аяқталады: «Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!» - дегенде, Төле би: «Баланың бесігі - кең дүниенің есігі ғой», - деген екен.


Келін енесіне «қызындай» бола ала ма?! - Атырау газеті

null 

Ене мен келін, сосын құда мен құдағилар арасындағы мәселені көтерген «Атырау» газеті мақаланы екі-үш әңгімеден өрбітіпті. Әрине, ене мен келіннің арасындағы оқиғалар жеткілікті. Алайда бұрынғыны қайдам, қазіргі кездеене мен келіндер соттасып жүретін жағдайға да жеткен екен. Осындай әңгімелерді тізбектеген мақала авторы тұрмыстағы келіндердің жағдайына көбірек болысатынын аңғартады. Жазуынша, бүгінгі күні енелер мен сол үйдің отбасы тарапынан келінге қатысты түрлі тұрмыстық зорлықтың болып тұратынын арнайы орындар да растайды екен. Ата кетерлігі, автор мақалаға арқау болған оқиғалардың нақты өмірден алынғанын алға тартады.

«Жалпы, ене де, келін де - әйел заты. Екеуінде де тіл бар, мінез бар. Десек те, қандай ашуды да ақылға салуға болады. Сынған ыдыстың бұрынғы қалпына келмейтінін анық білетін болсақ, ұрыс-төбелестен кейін де ене мен келін арасы жайма-шуақ боп кетпейтінін түйсіну қиын емес. Әсіресе, үй-ішілік тірлікті сот залынан шешкеннен соң қандай туыстық қасиет жалғасуы мүмкін?! Сондықтан қамшының сабындай ғана қысқа да өткінші өмірде «сіз»-«біз» десіп жүруге тырысайық, замандас. Біріміз енемізді, екіншіміз келінімізді жамандағанмен, жақсысын ешкім бере қоймас», деп түйіндейді автор.

Даңқты жазушымен Көкшетауда кездесіпті - Дидар газеті 

 null 

«Дидар» газеті қарапайым оқырманның әйгілі жазушы Сәбит Мұқановпен Көкшетауда жолығып, дәмдес болған жанның әңгімесін ұсыныпты. Күршім ауданының Үшбұлақ ауылында тұратын Жауқанбаев Тұрсынхан Сәбеңмен кездескен шағын әлі күнге есіне сақтап, ерекше ілтипатпен әңгімелейді екен. Ауылда қарапайым тракторшы болып жүрген Тұрсынхан ағамыз аяқ астынан Көкшетауға Бурабайға жолдамамен демалуға барады. Сәбит Мұқановпен де сол жерде кездескен екен. «Ол кезде халық кітапты жастанып жатып оқиды, ал Сәбеңнің кітаптары қолдан-қолға тимейтін кез. Дәл сол уақытта мен ол кісінің «Сұлушаш» поэмасын оқып жатқан болатынмын. Шығыс Қазақстаннан барған бір топ жастар дүр көтеріліп, аталған мекенжайға жеттік. Бірден кіріп баруға бата алмай, әдеп сақтап тұрғанымызды сондағы үлкендердің бірі құлаққағыс еткен екен, Сәбең сыртқа өзі шықты. Алдынан жапырлай шығып, сәлем бердік. Атағы жер жарған адам болғанымен, жазушы ағамыз сондай қарапайым жан екен, қолымызды қысып, жөнімізді сұрап жатты. Біздің Алтайдан келгенімізді естіген сәтте жадырап сала берді» деп жазады автор.

Сөйтіп, шығысқазақстандық жастар даңқты жазушымен екі күнді бірге өткізген екен. Мақалада берілген сол кездегі естедік суретті Түкең әлі күнге дейін бойтұмардай сақтап келе жатқан көрінеді. 

Жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр - «Ақтөбе» газеті 

null

«Ақтөбе» газетінің жазуынша, соңғы уақытта өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс өршіп кеткен. Негізінен тонау, ұрлық деректері белең алыпты. Осыған алаңдаған облыс басшылығы арнайы жиын өткізіп, алдағы уақытта тәртіп бұзған оқушылардың ата-аналарымен бірге мектеп, колледж директорлары және кураторлар да жауапқа тартылатынын ескертіпті. Айта кетерлігі, жиында үш мәселе қаралған. Үшеуі де топтасқан төбелестер, қаруланған жеткіншектер.  Соның бірінде жасөспірім 44 бала 5 қараша күні футбол алаңына жиналып, төбелескен. Тәртіп сақшылары жеткенше екі бала жарақат алыпты. Ал төбелесті ұйымдастырушының өзі жаппай топтасып төбелесу үшін әлеуметтік желіде топ құрып, таныстарын соған шақырған. «Қылмыстың барлығы колледждердің арасында орын алып отыр. Колледж директорларын, олардың орынбасарларын, кураторларын жазалау керек, жауапкершілікке тарту керек. Олар ата-аналармен жұмыс істемейді. Өткенде Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің директоры «бізде барлығы керемет» деп есеп берді. Бірақ оқушыларының немен айналысып жүргенін білмейді. Екі бала жарақат алған. Егер басқа жағдай болса, қайтер едіңіздер? Бұл тәртіпсіздікке барғандарға кешірім болмайды. Барлығын жауапкершіліке тарту керек», - дейді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. 

Металлург микроскопы - «Орталық Қазақстан» газеті


null 

Тұңғыш Президент күніне орай «Орталық Қазақстан» газетінде Елбасыға арналған мақалалар сериясы жарық көрген екен. Соның бірі «Металлург микроскопы» деп аталады. Мақалада жазылғанындай,   Елбасының еңбек жолымен сабақтас қарағандылық «Политехте» Тұңғыш Президент қолданған микроскоп сақталыпты.

Мақалада жазылғанындай, әлгі микроскоп оқу орнындағы тәжірибе алаңына айналған орталықта сақтаулы тұр екен. Ал Елбасының курстасы,  ҚарМТУ-дағы энергетикалық жүйелер бөлімінің профессоры Қайрулла Қызыров былай депті: «Сол шақта аталмыш микроскоппен қара түсті металға зерттеу жүргіздік. Құрамын анықтауда өзара тыңғылықты, топ болып жұмыс жасадық. Мамандыққа қызығушылығымыз зор болғаны соншалық, микроскопиялық зерттеулер нәтижесінде, инженер кадр атанып, білікті жұмысшының қатарына дейін көтерілдік. Нұрсұлтан ортада ой-пікірін ашық талдаудағы қабілетімен ерекшеленетін. Біздің оқу топтарындағы достық атмосфера өмірлік тәжірибеге айналды».

Айта кетейік, Политехте оқығанда студент Нұрсұлтан қара және түсті металдар құю өндірісіне қызыққан екен. Аталмыш микроскоппен «МЧМ - 62-2» тобының студенті 1964 жылы металдар мен қорытпалардың микроқұрылымын да зерттеген.

Мақалада Елбасының еңбек жолы туралы қызықты жайттар да қамтылыпты. Айтпақшы, Елбасы 2012 жылдың 1 желтоқсанында ҚарМТУ-ға арнайы ат басын бұрып, студенттік шағы өткен байырғы білім ордасын тамашалаған екен. Сонда бірге оқыған курстастарына қарата:  «Біз қолданған осы микроскоп естеріңде ме? Еңбек жолымызға жарқын бастама берген құрал» деп еске алған деседі.


Соңғы жаңалықтар