Бес мемлекет делегациясы Павлодарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аса маңызды міндет» атты кездесу өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

 Кездесу барысында сөз алған республикалық оралмандардың «Асар» ҚБ-нің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан Елбасы бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. - Біз бүгін тарихи кезеңде бас қосып отырмыз, - деді Қайрат Бодаухан.

«Біздің ел аз уақыттың ішінде әлемге танымал болды. Экономиканы көтеріп, саяси тұрақтылығымызды арттыру мен мемлекеттің ішкі тыныштығын сақтау маңызды мәселе екені белгілі. Жастар арасындағы «Рухани жаңғырудың» алатын орны ерекше. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі шаралар өте көп. Әсіресе көші-қон қиындықтарының жеңілдетілгені қуантады», - деді ол өз сөзінде.

Өзбекстан мемлекетінің делегация басшысы Серікбай Үсеновтың айтуынша, көрші елде бір жарым миллионға жуық қазақ бар. - Сонымен қатар 396 қазақ мектебі мен төрт жоғары оқу бар. Біздің елде 138 ұлт болса, адам саны жағынан қазақтар екінші орында тұр. Әрине біз «Рухани жаңғыру» жарияланған соң оны іске асыру бойынша белсенді жұмыс жасаудамыз. Бағдарламаның бірнеше бағыттарын белгілеп те қойдық. Өзбекстандағы қазақ жастары үшін Қазақстаннан 51 университет пен институттардың өкілдерін шақырып, көрме өткіздік. Көпшілік жастарымыз ата жұртқа білім алуға аттанды. Жылда 100-дей жас бет бұрса, биыл едәуір көп болады деп күтілуде, - деді Серікбай Үсенов.

  Бұдан соң мейман «Өзбекстандағы қазақ мәдениеті орталығының 25 жылдығы» медалін «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» Павлодар облыстық филиалының басшысы Заур Болатқа тақты. Сондай-ақ, «Өзбекстандағы қазақ ақындарының антологиясы» мен көрші мемлекеттегі қазақтардың құттықтау хатын берді. Өз кезегінде Ресей, Моңғолия, Қырғызстан мен Қазақстан елдерінің де өкілдері «Рухани жаңғыру» бойынша мемлекеттерінде жасалып жатқан істерге тоқтала кетті. 

Соңғы жаңалықтар