Бес әлеуметтік бастаманы ауыл жастарына нақты мысалмен түсіндіру керек - Мұхтар Манкеев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Кеңес төрағасы қоғамда түрлі игіліктерге қол жеткізе алмайтын, негізінен қарттар мен балалардан құралатын әлсіз топтардың бар екенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, бүгінде аталған әлсіз топтар құрамына ауыл жастары, жұмыссыз жүрген жастар да еніп отыр. Бір кездері «базарда арба сүйреп жүрген жастар» ұғымы болды. Президент «алдымен экономика, содан кейін саясат» деп бекер айтқан жоқ. Міне, қазіргі уақытта Қазақстан экономика мен саясаттан кейін, әлеуметтік мемлекет тақырыбын қозғап отыр. Бұл бастамалар қоғамның барлық топтары, әсіресе жастар қамтылатын қозғаушы күшке айналуы тиіс», - деді М.Манкеев ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған Елбасы бастамаларын талқылауға арналған жиында.
Сондай-ақ, М. Манкеев ауыл жастары үшін пайдалы бастамаларды нақты мысалдармен түсіндіру қажеттігін атап өтті.
«Қазіргі үгіт-насихаттар, инфографикалар, үндеулерден ауыл жастарына пайда жоқ. Оларға мұның барлығын мысалмен көрсету қажет. Мәселен, өздері тәрізді ауыл мектебінен түлеп ұшқан жас мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түседі. Қолжетімді жатақханада тұрып, оқуын аяқтайды және ауылына оралады. Ауылда өз білімін пайдаланып, қолжетімді несиемен бизнес ашады және жетістіктерге жетеді. Дәл осылай бастамаларды бір адамның өмір жолы арқылы көрсетсек, оларда талпыныс пайда болады», - деп өз сөзін түйіндеді М. Манкеев.

Соңғы жаңалықтар