Бес әлеуметтік бастама өңірде тұрғын үй құрылысын жандандырады-М.Мырзалин

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін талқылау бойынша актив отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға депутаттық корпус өкілдері, облыстық басқармалар мен департаменттер, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұжымдар, ұлттық компания төрағалары, саяси партиялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, дәл кеше наурыздың 5-де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Аталған үндеуінде Елбасы «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» деген ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға бастама жасады. Осы жобаның аясында әлеуметтік нақты мәселерді шешуге бағытталған 5 негізгі басымдықтар анықталды. Бүгінгі облыс активіне осы Үндеудің негізгі бағыттарын талқылау үшін жиналып отырмыз», дей келе аймақ басшысы бес әлеуметтік бастамадағы негізгі міндеттерге тоқталды.
null

«Бірінші басымдық баспана алуға жаңа мүмкіндіктер туғызып отыр. Баспананың тұрғындарға қолжетімді болуы үшін Елбасы «7-20-25» бағдарламасын ұсынып отыр. Жылдық сыйақысы 7 пайыздан аспайтын, алғашқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын, төлеу мерзімі 25 жылға дейін жететін ипотекалық несие беру арқылы қазақстандықтардың біразы баспана мәселесін шеше алады. Бүгінгі күні Ақмола облысында 20 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 16 жалдамалы, 12 несиелік тұрғын үйлер салынуда. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Сонымен қатар, 2400 жер телімінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін инженерлік коммуникациялар тартылады. Жалпы, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы өңірде тұрғын үй құрылысын жандандырады», деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен қатар, ол өңірде 250 мыңға жуық адам айлық есептік көрсеткіштен 25 есе төмен жалақы алатынына тоқталды.

«Төмендетілген табыс салығынан босатылған 353 миллион теңге төмен айлық алатын адамдардың еңбекақысын көтеруге бағытталатын болады», деді облыс әкімі.

Ал, үшінші бастама бойынша облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Білім саласында жаңа реформалар жүргізілуде. Соңғы екі жылда 10 мың мұғалім жаңа бағдарлама бойынша арнайы курстардан өтті.

«2018 жылдан бастап осы категориядағы мұғалімдердің айлық ақысы 30 пайызға өсті. Білім саласын дамыту үшін, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша 20 мың грант бөлінеді. Оған қоса, облыстық білім, құрылыс, экономика және бюджетті жоспарлау басқармаларының басшыларына мемлекеттік жекеменшік серіктестік шеңберінде студенттерге жатақхана салу жолдарын зерттеп, қарастыруды тапсырамын», -деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, жиында Елбасының бес әлеуметтік бастамасының төртінші және бесінші бағыттары шағын несие көлемін арттыру және газдандыру мәселелері де сөз болды. Бұл жөнінде «Регион строй» ЖШС-нің директоры Александр Дворцевой, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Тәукен Ошақбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Валерий Гамазов, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов және «Атабасар газ» ЖШС-нің директоры Ринат Мұратовтың пікірлері тыңдалды.

Соңғы жаңалықтар