Берік Əбдіғалиұлы: Төрт өңірде туристерге арналған Сапар орталықтары ашылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан өңірлерінде туристерге арналған Сапар орталықтары ашылады. Бұл туралы бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Кентайдан Ұлытауға дейін» ІІІ халықаралық экспедицияның Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы отырысында «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Берік Əбдіғалиұлы мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шынын айтсақ, «Біз Ұлытаудың ұлылығын толыққанды тани алдық па?» деген сұрақ туындайды. Осы орайда, Елбасының арқасында қолға алынған жұмыс Ұлытаудың тарихын паш етуге серпіліс берді. Жалпы, Ұлытаудағы тарихи орындардың түркі əлемінде алар орны ерекше. Ойлап қарасақ, Жошы хан неліктен Домбауылдың қасына жерленген? Бұл сұрақ əлі де зерттеуді қажет етеді. Арғысы Алтын орданың тарихымен байланысып жатқан Қазақ хандығының тарихы да осы жерден басталады. Батый хан Еуропаға жорыққа шығып, астананы Сарай-Беркеге ауыстырды. Қазақтар хандарын дəл осы жерде сайлаған. «Хандық» - «мемлекеттілік» деген сөз. Хан елді біріктіретін институт болған. Мұнда Əмір Темірдің де ізі қалған. Қазақ тарихында Ұлытаудың алар ерекше орны бар. Алаша ханның қазақ тарихында алар орны зор. Осыны халыққа танытуға атсалысып жатқан экспедицияға сəттілік тілейміз», - деп атап өткен тарихшы, қазақтың алғашқы ханынан соңғы ханына дейін Ұлытау өңірінде сайланғанын тілге тиек етті.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, таяу уақытта Ұлытауда және өзге де тарихи жерлерде туристерге арналған Сапар орталықтары ашылатын болады.

«Демек, келген қонақтарға Ұлытаудың тарихын паш ететін халықаралық деңгейдегі үлкен ғимарат салынады. Мəдениет жəне спорт министрлігінде осы жұмысты атқаратын шешім қабылданды. Мұндай орталық төрт жерде, атап айтқанда, Алматы облысындағы Таңбалыда, Отырарда, үшіншісі қателеспесем - Сарайшықта, ал төртіншісі осы - Ұлытауда ашылады. Ол да біз үшін үлкен көмек. Келешекте туристерді тарту үшін жол мәселесі де  шешілер. Əлбетте, қазақтың барлық жері де қастерлі, қасиетті. Бірақ қазақтың тарихи астанасы - Ұлытау», - деді Берік Əбдіғалиұлы.

Еске сала кетсек, Түркі академиясы 2017 жылдың 15 тамызынан 17 қыркүйегіне дейін Моңғолия және Қазақстан аумағынан өтетін «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты кезекті ІІІ халықаралық экспедициясын ұйымдастырған болатын. Моңғолияның Кентай аймағынан бастау алған экспедиция 15-16 қыркүйек күндері Қазақстанның тарих тұнған өңірлерінің бірі - Ұлытаудағы Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің басында қорытындыланды.

 

Соңғы жаңалықтар