Берік Әбдіғали: Тарихшылардың арасында Алаш тақырыбын зерттеушілер өте аз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Ұлттық музейде өткен «Алаш - Қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық конференцияда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали «Войско Алаш» кітабын таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Тарихшы мамандар, ғалымдар өзіміз шамамыз келгенше Алаш тақырыбын ашуға күш салуымыз керек. Алаштың әлі көптеген тақырыптары ашылмай жатыр. Біршама тұлғалары белгісіз. Олар жайлы өкінішке қарай, әсіресе, тарихшылардың арасында зерттеу жұмыстары аз. Көбінесе үлкен қызығушылықпен жазушылар мен тілшілер, тіл мамандары зерттейді. Осы сәтті пайдалана отырып, айта кетейін дегенім - тарихшылардың арасында осы тақырыпты зерттеу өте аз болып тұр, тек өмірбаянын сипаттаумен ғана шектеледі. Өңірлердегі Қазақ комитетін құрған әрбір уездердің төрағасы, тұлғалары зерттейтін еңбектер жоқ демеймін, бірақ өте аз», - дейді Берік Әбдіғали.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры конференция барысында Алаш әскеріне байланысты кеше ғана «Войско Алаш» кітабының баспадан шыққанын айтып, туындыны қысқаша таныстырып өтті.

«Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск қалаларының, Қазақстандағы Астана, Семей қалаларының архивтерін ақтардым. Алаш тақырыбына келгенде зерттелмей келе жатқан Алаш әскері туралы айтып бергім келеді. Біз Алаш әскері туралы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінен қысқаша ақпарат білеміз. Бірақ, оның құрылымы қандай, құрамында кімдер болды, командирлері кім еді, қандай айқастарда соғысқаны туралы еңбектер жоқ. Бұл тақырыпты толығырақ зерттеген Дина Аманжолды білесіздер. Әлі де зерттеу керек. Себебі, біздің қолымызда құжаттар жоқ. Ресейдегі әскери-тарихи архивтегі «Ақ қор» (Белый фонд) 1998 жылы ғана ашылған. Сонда көптеген Алаш әскерінің құрамындағы болғандардың құжаттары бар», - дейді Берік Әбдіғали.

Ол сонымен қатар, Алаш әскерінің тарихы туралы қысқаша баяндады.

«1918 жылы Семейде құрылғанымен Алаш әскері таратылады. Себебі, оны ұстап тұру үшін қаражат пен қару-жарақ керек еді. Білікті нұсқаушылар керек болатын. Осылар болмағаннан кейін әскер таратылудың алдында тұрды. Ол туралы Мұхаметжан Тынышбаевтың Әлихан Бөкейханға «Егер шешпесеңдер - әскерді таратамын» деген хаты да бар. Алаш әскерінің басшысы, министрі ретінде Хамит Тоқтамышев тағайындалған. Алашорда «военный отдел с функциями военного министерство» деген арнайы қаулы қабылдаған», - дейді тарихшы ғалым.

Берік Әбдіғалидің айтуынша, Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан бар-жоғы 7-8 қазақ офицері бар.

«Колчак үкіметі кезінде Алаш аты алынып тасталып, «конный киргизский полки» деп аталды. Бірінші Алаш полкі - «первый конный казахский полки» болып табылады. Командирі - Кольц деген Ақмола облысының казагы болған. Өте тәжірибелі, беделді, кезінде Аягөздегі Алаш жүздігін басқарған. Еңбегін ескеріп, Тоқтамышевты алып тастап, соны қояды. Екінші полкқа Самұратбеков деген Бірінші дүниежүзілік соғыстан подполковник болып келген, қазақтың әлі көпшілікке белгісіз офицері тағайындалады. Неліктен ол әскерді Алаш әскері деп атайды? Себебі, ол әскер Алаш басшыларымен келіссөз арқылы жиналған әскер болып отыр. Анненков Омбыдан келіп, Атаман Анненковтың дивизиясын құрады. Сол кезде ол Семейдегі Алаш зиялыларымен кездесіп, Алаш полкін бөлек шығарған. Тоқтамышев басқарған Казахский-партизанский полк осылай дүниеге келген», - дейді Берік Әбдіғали.

Сонымен қатар, Берік Әбдіғали «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында Алаш арыстарының ізі қалған бірнеше тарихи орындардың жобаға енгенін атап өтті.

«Олардың қатарында Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының және Семейдегі Мұхтар Әуезовтың тұрған үйі, Оралдағы Алашорда бөлімшесі отырған үй және Міржақып Дулатовтың жатқан жері бар. Алаш тақырыбы әлі зерттеуді қажет етеді», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар