Берік Әбдіғали: Тарихи ескерткіштерді қорғау заңына «Қасиетті орындар» пунктін қосқан дұрыс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңға «қасиетті орындар» пунктін қосқан дұрыс. Астанада «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын талқылау бойынша өткен «Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали осындай ұсыныс тастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізімін біз беске бөлдік. Ең алдымен, ерекше бағаланатын табиғи мұралар ескерткіші. Олар елдің бұрыннан бері барып жүрген киелі орындары. Шығыс Қазақстандағы Қоңыр Әулие үңгірін, Оңтүстіктегі Ақмешіт, сондай-ақ Жылаған ата секілді үңгірлерді, Хан Тәңірі, Шарын шатқалы, Мұзтау секілді киелі жерлерімізді осы қатарға жатқызуға болады», -дейді ол.

Берік Әбдіғали, сонымен бірге, археологиялық ескерткіштер және орта ғасырдағы қалалар тағы бір бөлімге бөлінгенін айтады. Оның сөзіне сенсек, қазіргі таңдағы үлкен міндеттің бірі - ежелгі дәуірден бастап қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихын қамтып, жалпыұлттық және аймақтық тізімге барлық ескерткіштерді енгізу болып отыр.

«Біз Қазақстанның қасиетті жерлерін бекіткенде ол жерлердің мәртебесін айқындау арқылы ескерткіштерді қорғау заңына өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, мәдени ескерткіштерді қорғау туралы заң бар. Сол заңға «Қасиетті орындар» деген пункті қосу, осы арқылы әр орынның ғылыми әрі заңды түрде анықтамасын беру жоспарлануда. Яғни, қасиетті орындардың мемлекеттік реестрі бекітілсе, ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен әр орынның құжаты жасалады. Ол құжатта қасиетті орындардың суреті мен тарихы көрсетіледі. Осылайша, Қазақстандағы қасиетті орындардың статусы заңды түрде белгіленеді», - дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.

Берік Әбдіғали сонымен қатар, биылдың өзінде «Қазақстанның қасиетті жерлерінің жалпыұлттық және аймақтық тізімі» деген кітап жарыққа шығатынын мәлім етті. Сонымен қатар, әрбір нысанның картасы мен виртуалды түсірілімі жасалған.

«Арнайы роликтер түсіріліп, энциклопедия жазыла бастады. Бағдарлама 5 жылға арналғаннан кейін биылғы жылы төрт өңірді, Астана қаласы мен Ақмола облысы, Алматы қаласы мен Алматы облысын таңдап отырмыз. Алматыдағы ғалымдар, Ғарифолла Әнес (Арыс қоры) өз еңбегін тапсырып, осының бәрінің сәтін салса қаңтар айының 20-на таяу тұсаукесерін өткіземіз», - дейді Берік Әбдіғали.

Соңғы жаңалықтар