Берік Әбдіғали: Қазақстанның киелі орындары туралы энциклопедия жарыққа шығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали Қазақстандағы киелі өңірлер туралы сыр шертетін энциклопедия жарық көретінін мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біздің орталық жылдың соңына дейін бірнеше жобаны іске асырғалы жатыр. Соның ішіндегі елеулі жұмыстардың бірі - Қазақстанның киелі жерлерінің энциклопедиясын жарыққа шығару. Жалпы бағдарламаның өзі өздеріңізге мәлім, 2017-2021 жылдарға арналған. Сондықтан, әр жылы энциклопедияның бір-бір томын шығарамыз деген жоспарымыз бар. Соның биылғы томы Астана қаласы, Ақмола мен Алматы облысына арналған. Қазір арнайы топ құрылып, жұмыс басталып кетті. Міне, Астана мен Алматы қалалары бойынша топ жетекшілері бекітілді. Бір-екі айда осы жұмысты бітірсек, алғашқы болып, Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясының бірінші томы шығады. Сонымен қатар, биылғы жылдың аяғына дейін қасиетті жерлер туралы роликтер таратылады. Атап айтқанда, неліктен ол жер қасиетті, несімен ерекшеленеді - біздің жобаның басты мақсаты осы сұрақтарға жауап іздейді. Аңыздардың сырына үңілуге тырысамыз», - дейді Берік Әбдіғали ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Еске сала кетсек, бүгін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның киелі жерлерін анықтау жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Бүгінгі күнге дейін елімізде жалпыұлттық деңгейдегі 100 және жергілікті маңызы бар 500 киелі орын таңдалып алынып, олар арнайы тізім жобасына енгізілген.

Соңғы жаңалықтар