Бердібек Сапарбаев жолаушыларды тасымалдайтын барлық автобустарды тексеруді тапсырды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жолаушылар тасымалымен тұрақты айналысатын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңір басшысы еңбек демалысынан соң бірден ауруханаға барып, автобус өрті кезінде аман қалған адамдардың жағдайын білген болатын.

Кейін әкімдікте жиын өткізіп, мемлекеттік органдарға жолдарда бақылауды күшейтуді, сондай-ақ тұрақты түрде жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды.



«Ақтөбе облысы халықаралық көлік ағыны өтетін транзиттік өңір болып табылады. Болашақта осындай жағдайды болдырмау үшін көлік бақылау инспекциясы, жергілікті полиция қызметі көлік прокуратурасымен бірлесе осы бағыттағы жұмыстарды күшейтулері керек. Біздегі қалааралық және халықаралық тасымалмен айналысатын барлық автобустарды тексеру қажет», -деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Ырғыз ауданындағы автобус өртенген жерде жұмыс істеген барлық шұғыл және жедел қызметтерге алғысын білдірді.

«Құтқару қызметтері, медицина қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен барлық мемлекеттік органдар тәулік бойы үйлесімді әрі жедел түрде жұмыс істеді. Сол үшін сіздерге көп рахмет. Ең алдымен Өзбекстан тарапы ризашылығын жеткізді. Біздің тарапымыздан оларға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетілді. Бұл сұрақ бірінші күннен бастап-ақ Мемлекет басшысының жеке бақылауында»,- деп атап өтті облыс әкімі.

Еске салайық, 18 қаңтар күні таңғы 10:30 шамасында Ырғыз ауданының Қалыбай ауылына жақын маңда Қазақстаннан Ресейге бет алып бара жатқан автобустан өрт шығып, 52 жолаушы қаза болды. 5 жолаушы өрттен шығып үлгерді, олардың екеуі Өзбекстан азаматы, үшеуі қазақстандықтар. 

Негізгі болжам бойынша, қайғылы оқиға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болған.

«Отты салғырт пайдаланғандығы жөніндегі болжам аман қалғандардың түсініктемелерімен расталып отыр. Автокөліктің қозғалтқышы өшіп қалып, көліктің іші салқын болған, сол кезде дәнекерлейтін шам жылытқыш ретінде қолданылған. Ол екі сағаттан астам уақыт жұмыс жасайды. Сол кезде бес литрлік ыдыстағы бензин төгіледі де, от лап етеді. Сөйтіп, аз уақытта автобус ішіндегі азаматтардың барлығының өмірін жалмайды. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасы немесе қандай да бір криминалдық жағдайдың болуы мүмкін деген болжамдар толықтай жоққа шығарылды. Оқиға орнын тексеру аяқталғаннан кейін аталмыш автокөліктен ешқандай суық қару, атыс қаруы, оқ-дәрі немесе сол оқ-дәрілердің қалдықтары табылмады», - деді ҚР ІІМ министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.

 

 

Соңғы жаңалықтар