Бердібек Сапарбаев Ақтөбеде «Туған жер» форумын өткізуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Ақтөбеде «Туған жер» жобасы бойынша «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыруға арналған республикалық форумды өткізуге ұсыныс жасап отырмыз. Осы орайда барлық әлеуеті жоғары нысандарымызды, бизнес жобаларды таныстырғымыз келеді. Сондай-ақ медицина мен білім беру, мәдениет саласында шеберлік сыныптарын өткізу қамтылады. Комиссия мүшелерін осы бастаманы қолдауға шақырамыз», - деді Сапарбаев Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысында.

Осы орайда өңір әкімі форумды облыстағы нысандардың базасында өткізуді ұсынды. Бұл тұрғыда Оқушылар сарайы, Жастар сарайы, Спорт сарайы, музей және басқа да бірегей нысандар қамтылмақ.

Мұнымен қоса ол аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 335 шара өткенін, оған 100 мыңнан астам адам қатысқанын сөз етті.

«Жалпы облыс тұрғындары бұл бастаманы қолдап отыр, себебі бағдарламаның оң ықпалы бар екені түсінікті. Сонымен қатар бағдарлама жастарды патриоттық рухта тәрбелеу аясында тұрғындарға өзінің туған өлкесі мен тарихы жайында көбірек мәлімет беруге қосымша қолдау жасайды», - деп түсіндірді Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар