Белдесу күресінен тұңғыш рет «Халық барысы» турнирі өтеді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Алғаш рет қазақтың белдесу күресінен «Халық барысы» республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін - тарихи маңызы бар күн. Неге десеңіздер, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында көптеген төл спорт түрлерімізді жаңғыртып келеміз. Өткен жылы ғана ЭКСПО көрмесі аясында бірінші рет көкпардан әлем чемпионатын ұйымдастырдық, басқа да ұлттық спорт түрлері өтті.  Ал бүгін ұсынып отырған көне спорттың бір түрі - белдесуден «Халық барысы» жобасы ерекше жоба. Бізде көп спорт түрі бар, оның барлығын жаңғыртуымыз қажет»,  - деді ол.

Ал ҚР Энергетика министрі, Халықаралық қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаевтың айтуынша, «Халық барысы» республикалық турнирі 7-8 мамыр күндері Алматыда, ашық аспан аясында өтеді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынағынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына  айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп керемет айтқан. Осыған сүйене отырып, біз ата-бабаларымыздан мұра боп қалған белдесуді заманға сай етіп халыққа ұсынбақпыз», - деді Қанат Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, «Халық барысы» Мәдениет және спорт министрлігінде ресми тіркелген спорт түрі саналады.

Соңғы жаңалықтар