«Бәйтерек» ҒЗК-дан бірінші ұшырылым 2025 жылы жүзеге асырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасы «Байқоңыр» кешенін сақтап қалуға және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, 2050 жылға дейінгі «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастықтың келешегін пысықтау туралы Қазақстан мен Ресей президенттерінің уағдаластықтарына сәйкес, «Байқоңыр» кешені бойынша одан әрі ынтымақтастық Тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Осы орайда кешен мен қала инфрақұрылымының дамуын, ғарыш жобаларының іске асырылуы негізінде қолда бар кешен нысандарын және бірінші кезекте «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені бірлескен жобасын құру қарастырылған.

Қол жеткізілген уағдаластықтар тұрғысында «Бәйтерек» жобасы қазіргі қолданыстағы «Зенит» ғарыш зымыран кешенімен және орта деңгейдегі перспективті ресейлік тасымалдағыш зымыранды іске асыру негізінде жоспарлануда. Бұл ретте «Зенит» ҒЗК нысандарын Ресей Федерациясынан жалдан шығару, сондай-ақ оларды Қазақстан тарапына беру 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүргізілетін болады.

«Осыған байланысты бізге аталған нысандарды күтіп-ұстау мен пайдалану  бойынша жұмыстарды қаржыландыру мәселесін шешу керек. «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешенінен бірінші ұшырылымды 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Бәйтеректі» құру ғарыш айлағының экологиялық проблемаларын шешуде айрықша маңызға ие. Жаңа зымыран гептильді «Протонды» алмастырады»,-деді министр.

Оның пайымынша, бұл Қазақстанның ұлттық мүдделері үшін стратегиялық маңызы бар жоба, себебі «Байқоңыр» ғарыш айлағының келешегін сақтап қалуға және коммерциялық ұшырулар еліміздің әлемдік нарыққа кіруіне мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар