«Бәйтерек DEVELOPMENT» ісі бойынша фигуранттарды тұтқындау мерзімі ұзартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек DEVELOPMENT»  бойынша іс фигуранттарын тұтқындау мерзімі ұзартылды. Бұл туралы Астана қалалық соты  «ҚазАқпарат» тілшісінің сауалына берген жауабында хабарлады.

 «2017 жылғы 6 наурызда Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты күдікті Б. Жақсыбаевтың қамауда ұстау мерзімін 2017 жылғы 30 сәуірге дейін ұзартты. Осы сотта күдіктілер Б. Айтымбетов, Д. Анарбай, А. Жақыпов, Б. Есмұханов, А. Комаров, Г, Сариев, К. Смағұловтың та  қамауда ұстау мерзімдері ұзартылды», - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, 2017 жылғы 2 ақпанда Астана қаласы Алматы ауданы №2 соты күдіктілер: мемлекеттік және жеке әріптестік дирекциясы департаментінің басшысы Б.Б. Айтымбетов, бұрынғы және қазіргі басқарушы директор Анарбай мен Сариев, «Project City Group» басшылығы Смағұлов, Есмұханов, Жұманазар, Комаров, «Бәйтерек Development» АҚ басқармасының төрағасы Жақыповтың қамауда ұстау мерзімін 2017 жылғы 30 наурызға дейін ұзартты.

Тергеу нұсқасы бойынша АҚ бұрынғы төрағасы (соңғы жұмыс орны - ҚР ҰЭМ «Қазақстандық ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқармасының төрағасы) Бақыт Жақсыбаев қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы болып табылады. «Ол рөлдер мен алынған параны бөліп отырған. 2016 жылғы 30 қарашада оған қатысты сот санкциясымен қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қабылданды», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.

Ұсталғандар «Нұрлы жол» мембағдарламасы аясында өңірлерде жалдамалы тұрғын үй салу бойынша қызметтерді сатып алу кезінде құрылыс компанияларының мүдделерін қолдағаны үшін аса ірі көлемде жүйелі түрде пара алғаны үшін айыпталуда. 13 кәсіпорын тартылған  қылмыстық схема республиканың барлық аумағындағы, Орал, Көкшетау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалаларындағы құрылыс нысандары бойынша жүргізілген.

Соңғы жаңалықтар