Байпақ басатын ақтөбелік шебер шәкірт іздейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының тұрғыны Амантұрлы Сатыбалдин байпақ басып шығарды. Шебер жүн жуып, түтетін адамдарды жұмысқа алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Ойыл ауданында тұратын Амантұрлы Сатыбалдин таяуда жүн өңдеу цехын іске қосты. Ол жүн қабылдап, жуып, түтіп, кейін байпақ басып шығарады. Бизнес жобасымен 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алды.

«Бұрын жүнді қабылдап, буып-түйіп, Ақтөбе қаласына жіберетін едік. Қазір жүннің бәрі қоқыста жатыр, шаруалар жаз бен күзде қой қырқып, оның жүнін қайда тапсырарын білмейді. Кейін аудан әкімдігі жүн өңдеу шаруашылығын ұсынды. Бұл қолымнан келетін іс болған соң жүн өңдеу цехын аштым. Шаруашылықты қызым Гауһар Сатыбалдина үйлестіріп отыр, мен шебермін. Қазір екі адамды жұмысқа алдым. Бірі жүн жуады, екіншісі жүн түтеді. Жұмысты жеделдету үшін бізге жүн түту аппараты қажет болды. Бұрын қолданыста болған құралды сатып алып, жөндеп жатырмын»,- деді ақтөбелік шебер Амантұрлы Сатыбалдин.

Шебер 20 жыл бұрын байпақ басуды үйреніп, тоқырау кезінде байпақ басуды қолға алған. Кейін сұраныс болмады, кәсіп тоқтады. Ал қазір сұраныс көбейді. Көбіне қариялар мен аңшылар тапсырыс береді.

«Жүн - табиғи өнім. Әзірге қой жүнін қабылдап жатырмын. Ауылда қылшықты жүн көп. Одан киіз, байпақ басамын. Алдағы уақытта киіз үй жасағым келеді. Қыста жылы, жазда салқын қазақтың киіз үйіне ештеңе жетпейді деп есептеймін. Ал биязы жүннен шұлық тоқиды. Бәрі денсаулыққа пайдалы. Әсіресе буыны сырқырайтын қариялар жиі келіп, тапсырыс береді. Жүннен заманауи дүниелер жасауға болады. Дизайнерлермен байланыс бар. Мен шикізатты дайындаймын, олар камзол, сөмке тігеді. Көрпе де жасалады»,- деді А.Сатыбалдин.

Елімізге жүн түтетін аппараттар Қытайдан әкелінеді. Жаңасы қымбат, ескісі жөндеуді қажет етеді. Ескіні алып, жөндеуді бастаған шебер барлығы 7 өлшеммен байпақ басады. Бәрі екі қолдың күшімен дайындалады.

Айта кетейік, Амантұрлы Сатыбалдин әзірге өңірде байпақ басуды қолға алған жалғыз кәсіпкер. Жүннің иісінен қашатын жастардың байпақ басуды үйренуге деген құлшынысы да байқалмайды.

«Көбі жайлы кресло мен жақсы жалақыны қажет етеді. Мен өзім байпақ басамын, бірақ шәкірт қажет. Бұрын бір жігітті үйреттім. Ол да қазір бұл істі тастады. Әзірге мен деп келген адамды көрмедім. Өзім 70 жастан астым, білгенімді жастарға үйреткім келеді»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар