Байқоңырдың біраз жері Қазақстанға қайтарылғанымен, жалға беру құны өзгермейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Байқоңырдың біраз жері Қазақстанға қайтарылғанымен жалға беру құны өзгеріссіз қалады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл 11,5 мың гектар жер. Өздеріңіз білесіздер, Төретам стансасы мен Ақай елді мекені бар. Солардың төңірегіндегі жерлерді қайтарып жатырмыз. Себебі екі елді мекеннің халық саны өсіп, құрылыс жұмыстары да артып келеді.  Сондықтан халыққа жер керек. Біз Қызылорда облысы әкімшілігімен бірлесіп, жалға берілген аталған жерді қайтарып жатырмыз. Ол Сырдың, теміржолдың бойында жатқан жерлер», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, аталған жерлер еш уақытта техникалық өңдеуден өтпеген. Жалпы, Байқоңыр төңірегіндегі жерлердің барлығы да экологиялық тұрғыда таза.

«Келісілген шартқа сәйкес жалдың сомасы төмендемейді. Мәселен, 42, 43 және 45-інші алаңдар да Қазақстанға өтеді. Бірақ, жалдау құны өзгеріссіз қалады - 115 миллион доллар», - деді министр.

Айта кетерлігі, Челябинскіде өткен Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастығы форумы аясында «Байқоңыр» кешенін Жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, Байқоңырға жақын орналасқан Ақай және Төретам ауылдарындағы 11,6 мың гектар жер Ресейге жалға беру аумағынан шығарылып, Қызылорда облысына қайтарылады.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар