Байқоңырдан «Прогресс МС-08» жүк кемесі алғаш рет жаңа үлгімен ұшырылмақ

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр ғарыш айлағында Халықаралық ғарыш станциясына аттанатын (ХҒС) «Прогресс МС-08» көліктік жүк кемесінің (КЖК) ұшырылымына дайындық жұмыстары аяқталуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Прогресс МС-08» көліктік жүк кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран-тасығышының  ұшырылымы  2018 жылдың 11 ақпаны Астана уақытымен 14 сағат 58 минут 45 секундқа жоспарланған.

КЖК-ны зымыран-тасығыштың 3-ші сатысынан бөліп, кемені белгіленген орбитаға шығару ұшырылымнан кейін тоғызынша минутта жүргізілетіні күтілуде.

«Прогресс МС-08» көліктік кемесін ХҒС-ға жақындату және түйістіру жұмыстарын Ұшуды басқару орталығының мамандары мен ресейлік ұшқыштар -  Александр Мишуркин мен Антон Шкаплеровтың бақылауымен автоматты режімде жүргізу жоспарлануда.

Әдетте «Прогресстер» ХҒС-қа екі тәуліктің ішінде барады, алайда бұл жолы алғаш рет ғарыш кемесі жаңа үлгі бойынша ұшырылмақ. Алдын ала есеп бойынша, кеме станцияға 3 сағат 27 минутта жетуі тиіс.

«Прогресс МС-08» кемесі Халықаралық ғарыш станциясына екі тоннадан астам жүкті, соның ішінде отын, ауа, станцияны жұмыс жағдайында ұстап тұруға арналған жабдықтар, экипаж мүшелеріне қажетті заттарды жеткізеді.

 

Соңғы жаңалықтар