«Байқоңыр» дамудың жаңа деңгейіне көтерілді- ҚР Президентінің арнайы өкілі

None
None
      ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылордада өткен «Байқоңыр Инвест» ІХ инвестициялық форумында көтерілген негізгі мәселелердің бірі - «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамыту болды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан-Ресей әріптестігі аясында Байқоңыр қаласын дамыту» тақырыбындағы секция жұмысына Байқоңыр кешеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов жетекшілік етті. Оның жұмысы барысында «Байқоңыр» кешенінде бизнесті дамыту ұсыныстары ортаға салынды.

Екі елдің ғарышты игеру саласындағы  мемлекеттік саясаяты әлемдегі алғашқы ғарыш кешені - «Байқоңырды» жаңғыртуды көздейді. Оны дамытудың жаңа сатысы 2016 жылдың 26 желтоқсаны күні үкіметаралық деңгейде бекітілген «Байқоңыр» кешені бойынша одан арғы өзаратиімді ықпалдастық Тұжырымдамасы. Құжат 2050 жылға дейін есептелген және ол 9 негізгі бағыттан тұрады.

С. Қожаниязов атап өткендей, бүгінде кешен екі ел басшыларының келісімі негізінде әлеуметтік-экономикалық  дамудың жаңа сатысына көтеріліп отыр.

Байқоңырда бизнесті өркендету туралы Байқоңыр қаласы бойынша экономикалық даму басқармасының басшысы Руслан Әміров баяндап берді.

Бүгінде жұлдызды қалашықта 76 мың адам тұрса, олардың 500-ден астамы  кәсіпкер. Қаланың ерекше статусына сәйкес  кәсіпкерлерге жер телімін беру жайы екі жақты келісім негізінде шешіледі. Ал қала сыртындағы елдімекендер Қазақстан заңы шеңберінде жұмыс істейді.

Сондай-ақ ҚР аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағанбетов Қазақстан мен Ресейдің біріккен «Бәйтерек» жобасының бүгінгі жайын әңгімелеп берді. Ол  жоба бойынша алғашқы ұшырылым 2022 жылы жүзеге асырылатынын жеткізді.

Секция жұмысын қорытындылаған Серік Қожаниязов қаланың дамуы үшін арнайы бағдарлама жасалғанын, соның негізінде алдағы уақытта кәсіпкерлер кешенге керекті кәсіпорындар ашып жұмыс жасайтынын айтып өтті. Мұнан өзге тұрғын үй, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, қала жаңаша дамуға бет бұратын болады. Бүгінгі күні газ желісі «Байқоңыр» қаласына қосылып үлгерсе, келесі жылдан бастап мұнда су желелері жаңартылмақ.

 

Соңғы жаңалықтар