Байбек Сингапурдың көлік саласындағы тәжірибесін Алматыға енгізбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Смарт сити» жобасын жүзеге асыруға Сингапур компаниялары қатысатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Ондай келісім Алматы қаласы әкімінің Сингапурге жұмыс сапары барысында жасалған.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Алматы делегациясы Сингапурдың іскер ортасы мен екіжақты келісімге қолжеткізген. 

«Екіжақты кездесу аясында Бауыржан Байбек Сингапурдың Оңтүстік Шығыс ауданының мэрі және сыртқы істер бойынша аға мемлекеттік министр Мұхаммед Малик Османмен және Сингапурдың сауда, өндіріс ұлттық даму жөніндегі аға мемлекеттік министрі Ко По Кунмен жүздесті. Бауыржан Байбектің сапарында Сингапурдың Жер бетіндегі көлігі жөніндегі агенттік қызметіне ерекше ден қойылып, көлік жүйесін интеграциялау мәселесі кеңінен сөз болды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгінгі күні Сингапурде халық тығыз орналасқан, сондықтан қоғамдық көлікті дамытуға жете мән берілген. Мұнда көлік тұрақтарын азайту, жолды пайдаланғаны үшін ақы төлеуді енгізу арқылы жеке көліктер қатары сиреген. Сингапур билігі 2018 жылы ескі көліктерді жою бағдарламасының арқасында жеке көлік санын мүлдем азайтуды қарастырған. Ескі көлік әр 10 жыл сайын жойылады, жаңа  автомобиль содан кейін ғана тіркеледі.

Бауыржан Байбек сингапурлықтармен кездесуде Алматыда ауқымды көлік реформасы жүзеге асырып жатқанын, алдағы уақытта Сингапурдың көлік саласындағы тәжірибесін пайдаланатынын айтқан.

«Алматы көшелерін күн сайын 700 мыңнан астам көлік жүріп өтеді, соның салдарынан қала трафигіне қысым жасалуда. Біз қоғамдық көлікке ерекше  назар аударамыз. Жыл аяғына дейін қала автобус паркінің үштен бірі жаңарады, ЖРК жобасына дайындықтар жасалуда, БРТ дәлізі құрылады, метро құрылысы жалғасады, автобустарға арналған арнайы жолақтар ұзындығы 100 шақырымға дейін жетеді. Көлік тұрақтары қолға алынып, велоинфрақұрылым, жаяу жүргінші аймақтары пайда болуда», - деді Бауыржан Байбек.   

Сонымен қатар, Алматы делегациясы Сингапурдың стратегиялық жоспарлау және қала құрылысын бақылау жөніндегі агенттігінің жұмыс тәжірибесіне жете мән берді.

«Бүгінгі күні біз «Алматы-2020» бағдарламасын жүзеге асырудамыз, оның басты бағыты экология, транспорт реформасы, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және инфрақұрылымды дамыту. Қаланың экономикалық әлеуетін арттыратын шеберлік жоспарын да жасадық. Технология үнемі өзгереді, сондықтан біз қала тұрғындарының өмірін жақсартатын жобаларды енгізетін боламыз», - деп атап өтті әкім.

Бауыржан Байбектің жұмыс сапарының қорытындысы бойынша шетелдік серіктестер үшін бағдарламалар мен шешімдер дайындайтын «Singapore Cooperation Enterprise» мемлекеттік агенттік Алматыға смарт-технологияны енгізуге, қала құрылымын тиімді жоспарлауға және шеберлік жоспарларды жасауға көмектесетін болады.

Осы ретте Алматыны дамыту орталығы, Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен «Singapore Cooperation Enterprise» арасында жасалған тиісті меморандумға қол қойылды. 

Соңғы жаңалықтар