Баянауылға келетін туристерге ерекше қызмет түрлері ұсынылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы жаз мезгілінде «ЕХPO» халықаралық көрмесі қарсаңында Баянауылға келетін туристерге Алакөл мен Бурабайда көрсетілмеген қызмет түрлері ұсынылмақ, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Әзілхан Әбілов мәлім етті. «Баянауылдың тамаша табиғатына саяхаттап келушілер таңданып қайту үшін ең алдымен автожолымыз жатық, көшеміз жап-жарық болуы шарт, - дейді ол. - Барлық кемшілік жойылады. Аудан аумағындағы Жасыбай,   Торайғыр  және Сабындыкөл сынды демалыс аймақтарының арасын жалғайтын тақтайдай тас жол салынбақ. Бұл жолдардың енінің кеңдігі сегіз метр болады деп күтілуде. Алты метрі автокөлікке арналса, екі метрі велотурға бағытталған. Сонымен қоса, атпен жүретін арнайы жол тағы жасалады. Жалпы, Баянауыл - Павлодар облысының ең маңызды туристік орталығы. Сондықтан біз бұл жердегі мүмкіндіктердің барлығын тиімді пайдалануымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, Алакөлде және Бурабайда көрсетілмейтін қызмет түрлері ұсынылатын болады. Яғни, ұшақпен су бетіне қону, парашютпен секіру және батпырауық ұшыру секілді қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл қызметтердің барлығын жергілікті кәсіпкерлер көрсетуі тиіс».

Аудан әкімі орынбасарының сөзіне сүйенсек, «ЕХРО» көрмесі арқылы ауданның әлеуметтік ахуалын көтеруі қажет. Атап айтқанда, аудан орталығына орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылып, көшелері жүз пайыз жөнделеді және қосымша жарық шамдар тартылады. Сонымен қатар, ауданға кіре беріске өңіріміздің тарихы мен мәдениетін мансұқтайтын билбордтар мен қай жерден қандай демалыс орындары бар екенін көрсететін карталар ілінеді.

Қазір Сабындыкөлдің жағасына үлкен қонақүй кешенін салатын инвестор іздестірілуде. Жобаның құны - 500 млн. теңге. Бұдан басқа, қазіргі таңда Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларына қатынайтын ұшақтар қонатын аэродром салатын орын қарастырылуда. Құрылыстың жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 10 млн. теңге бөлінген. Жазда шетелден және еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтарды тасымалдау үшін «ҚТЖ-Экспресс» біріккен АҚ 19 орындық шағын ұшақтар ұшыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар